26 қазан күні Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының Атырау облыстық прокуроры орынбасарының №2 Атырау қалалық сотының 2016 жылдың 19 қазанындағы қаулысына наразылығын қарап шықты.
Облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, бұдан бұрын №2 Атырау қалалық соты күдікті Б.Шалтенов пен Н.Қабдешевке кепіл түрінде бұлтартпау шарасын қолданған болатын. Күдіктілерден кепіл түрінде Hyundai Tucson» маркалы көлігі мен тұрғын үй қабылданған еді.
Апелляциялық қарау кезеңінде күдіктілер тарапынан істің объективті тергелуіне кедергі келтіру фактілері анықталды. Осыған байланысты апелляциялық инстанция күдіктілердің кінәлі және кінәсіз екенін шешпестен бірінші сот инстанциясының кепіл қолдану туралы қаулысының күшін жойып, Н.Қабдешев пен Б.Шалтеновқа қатысты бұлтартпау шарасын екі ай мерзімге «қамауда ұстауға» өзгертті. Прокурордың наразылығы қанағаттандырылды.
Естеріңізге салсақ, аталмыш тұлғалар өзi немесе басқа адамдар немесе ұйымдар үшiн пайда мен артықшылық алу не басқа адамдарға немесе ұйымдарға зиян келтiру мақсатында билiктi не қызметтiк өкiлеттiктi асыра пайдаланды деп күдіктеліп отыр.
Тергеу шаралары жалғасуда.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ