Атырау қалалық ТКШ бөлімі Балықшыдағы Байжігітов көшесінің бойындағы №66 үйді арендалық баспанаға алу үшін құжаттар қабылдау басталатындығы туралы хабарландыру таратты.
Баспана ҚР Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі желісіндегі «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» бойынша «Жас отбасылар» бағыты арқылы жүзеге асырылады. Құжаттар Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде есепшоты бар, баспанаға мұқтаж жас отбасылардан (арыз берілген уақытта некеге тұру ұзақтығы екі жылдан кем болмауы, ерлі-зайыптылардың екеуінің де жасы 29-ға толмаған болуы тиіс), сонымен қатар, балаларын ата-аналардың бірі (29 жасқа толмаған, соның ішінде, ажырасқан, жесір) тәрбиелеп отырған толық емес отбасылардан қабылданады. Осы 30 пәтерлік үйде бір бөлмелі бес, екі бөлмелі жиырма және үш бөлмелі бес пәтер бар деп хабарланады. Құжаттарды қабылдау уақыты – 2016 жылдың 8-9 қарашасы. Бағдарлама шартына сәйкес, үміткерлерден өтініштер мен құжаттар www.egov.kz «электронды үкімет» веб-порталы арқылы қабылданады. Қажетті құжаттар тізімімен http://atyrau.gov.kz/is/read/5263.html сілтемесі арқылы танысуға болады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ