25 қарашада суда жүзетін жабайы құстарды көктемгі аулауға тыйым салу жоспарлары туралы мәселе бойынша ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан НЫСАНБАЕВТЫҢ төрағалық етуімен селекторлық кеңес өтті.
Статистика бойынша 2006 жылдан 2016 жылға дейінгі аралықта елімізде суда жүзетін жабайы құстардың саны екі еседен астам мөлшерге азайған. ҚР-да ресми түрде аталық үйректі көктемде аулауға рұқсат етілген. Алайда іс жүзінде ол бүкіл суда жүзетін бүкіл жабайы құстарға, соның ішінде Қызыл кітапқа енген құстарға да қолданылады. 7-10 күн ішінде есепсіз мөлшерде құстар, негізінен, ұя салуға әзірленген аналық құстар жойылады. Құмарланған аңшы барылдауық аналықты аталық үйректен айыра алмай жатады. Оны айыруға да тырыспайды, құстар тобын нысанаға алады.
Көктемгі аңшылық мерзімі көбінесе үйректер ұшып кеткен уақытқа тура келеді де, бытыра ұя салуға қалған қанаттыларға тиеді. Осы себепті Украина 2004 жылы көктемгі аулауға тыйым салды, АҚШ пен Канада – мұны 1913 жылы енгізген болатын, Ресейдің бірқатар өлкелері мен облыстарына да тыйым енгізілді.
Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы бөлімінің басшысы Әділет ТАҢАТАРОВТЫҢ айтуынша, үйректерді көктемде аулау қисынсыз: уылдырық шашу кезінде балық аулауға, тұяқтылар көбейетін маусымда – оларды аулауға тыйым салынады.
Ал үйректерді аулау бүкіл құстарды мазалайтын күшті фактор болып табылады және олардың ұяларын тастап кетуіне, салған жұмыртқаларының өлуіне, ұя салу маусымының ойдағыдай өтуін төмендетуге әкеп соғады.
Атырауда аңшылық кезінде аңшылардың жаққан оттарын өшірмей кетуі салдарынан өрт оқиғалары жиі болып тұрады.
– Аңшылар қоғамы қазірдің өзінде алдағы уақытта аңшылық маусымына тыйым салу идеясына қарсы наразылық білдіруде. Аңшылық жолдаманың көпшілігі сатылмай қалады, бұл зиян әкелетін себепке айналады, өз кезегінде аң ауланатын алқаптарды қорғайтын қорықшылар штатының қысқаруына әкеледі деп мәлімдеп отыр. Біздің жауабымыз: егер күзде аңшыларға жолдаманы сату есебінен алатын пайданы пайдалану туралы мәселе қайта қаралатын болса, қоғам штаттардың қысқаруының алдын ала алады, - деп мәлімдеді Таңатаров.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Е.НЫСАНБАЕВ аумақтық инспекцияларға жергілікті жерлерде тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын бастауға тапсырма берді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ