Дағдарыс кейбір сервистік компаниялардың жұмысына әсер етуде. Оларға жұмыс сағаттарын қысқартуға, қызметкерлерін ақысыз демалысқа жіберуге немесе мүлдем қысқартуға тура келеді. Бұл туралы Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Балдай ӨТЕҒАЛИЕВА өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады.
Ресми статистикаға сәйкес, біздің облысымызда 14,9 мың жұмыссыз бар. Жұмыссыздық деңгейі – 4,9 пайыз (жалпы республикалық көрсеткіш – 5 пайыз). Жыл басынан бері жұмыспен қамту органдарына 14 350 адам жүгініп, 6 727-іне жұмыс табу мүмкін болған. Жыл сайын «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 2 мыңдай адамды жұмысқа орналастыру мүмкін болады. Бос орындар жәрмеңкесін өткізу де өз нәтижелерін береді. Биыл оған 5323 адам қатысып, 1739-ына тұрақты жұмыс табу мүмкін болды.
Дағдарыс салдарынан өткен жылы 36 кәсіпорын 643 қызметкерін қысқартқан. Ал жыл басынан бері 37 кәсіпорынның 457 қызметкері қысқартуға ұшыраған. Жұмыспен қамту органдарына жүгінген адмдардың ішінен 317 адам түрлі көмектер алды: тұрақты жұмысқа, әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылды, кәсіптік білім алуға жіберілді, өз ісін ашу үшін шағын несиелер алды.
Б.Өтеғалиева сонымен қатар, біздің облыста «Мүмкіндіктері шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту жол картасы» әзірленгенін айтты. Өңірде 19 920 мүгедек жан, сонымен қатар 2 980 мүгедек балалар өмір сүреді. Жыл басынан бері жұмыспен қамтудың өкілетті органдарына 423 мүгедек жүгінген. Олардың көпшілігіне көмек қолын созу мүмкін болыпты: 121 адам тұрақты жұмыс алған, 7-уі қайта даярлауға, 13-і жастар тәжірибесіне, 201-і қоғамдық жұмыстарға жіберілген, 22-сі әлеуметтік жұмыс орындарын, 11-і шағын несиелер алған.
Әлеуметтік қорғалмаған тұрғындар тобын қолдау шеңберінде әлеуметтік органдарға өтініштер берген Атырау облысындағы аз қамтылған отбасылар коммуналдық қызметтерді жеңілдік тарифтері бойынша төлейді. Ол үшін облыстық әкімдік пен коммуналдық қызмет көрсететін кәсіпорындар арасында 40 пайызға дейін жеңілдік көрсету туралы меморандумдар жасалған. Коммуналдық қызметкерлерге жеңілдік тарифтері бойынша есептеу үшін мәліметтер тоқсан сайын беріліп отырады.
Жыл басынан бері кедейлік шегінен төмен кірісі бар 497 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алды, 18 жасқа дейін балалар тәрбиелеп отырған аз қамтылған тағы 4 724 отбасы балалар жәрдемақысы түрінде 199 млн теңге алды, 776 отбасы 18,3 млн теңге тұрғын үй көмегін алды.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген автор