Облыстық және аудандық маңызы бар көлік жолдарының жартысынан астамы (2061 км) жөндеуге сұранып тұр. Облыстық бюджеттен 2016 жылы жол жөндеуге 7 млрд 63 млн 800 мың теңге бөлінді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Атырау облыстық жолаушылар көлігі және көлік жолдары басқармасы басшысының орынбасары Қайрат НҰРТАЕВ хабарлады.
Облыстағы көлік жолдарының жалпы ұзындығы - 3101,6 км, оның 990 км-ы – республикалық, 973-і – облыстық маңызы бар жолдар, қалған 1088,6 км – аудандық маңызы бар жолдар. Облыстық және аудандық маңызы бар 2061,6 км жолдың 970 км-нің жағдайы қанағаттанарлық деп есептеледі, қалған 1091,6 км-ін (53%) – жөндеу қажет.
Ақырында ұзақ жылдар бойына жүзеге асырылып жатқан ірі жобалардың бірі аяқталды – бұл ұзындығы 170 км болатын Атырау-Индер көлік жолын күрделі жөндеу жұмыстары. Бұдан басқа, осы жолдың бойындағы (Алға, Еңбекшіл, Ортақшыл, Есбол, Ақ Жайық) Махамбет ауданындағы бес ауылдың және Индер ауданының үш ауылының (Құрылыс, Жарсуат, Бөдене) кірме жолдары мен ішкі жолдарына күрделі жөндеу жүргізілді. 2014 жылы басталған Махамбет ауылында Жайық өзені арқылы көпір мен жол салу жұмыстары жалғасуда. 2013 жылы облыстық маңыздағы Индер-Қарабау-Миялы-Сағыз жолдарының ұзындығы 114 км болатын учаскесі пайдалануға берілді. Сол жылы ұзындығы 123 км болатын Қарабау-Миялы учаскесін жаңарту жұмыстары басталған еді, бұл жұмыстар жалғасуда. Сонымен қатар, Жылыой ауданының Ақкиізтоғай мен Шоқпартоғай ауылдарына кіретін жолдарды және Индер ауданының ішкі жолдарын жөндеу жұмыстары жалғасуда. Биыл Доссор поселкесінде ішкі жолдарды күрделі жөндеу жұмыстары басталды.
Атырауда бес күрделі жол қиылыстарына жол тармақтарын салу жоспарланды. Алайда осы көпірлердің бірін салуы тиіс мердігер жосықсыз деп танылды, ал қалған төрт көпірді салу үшін мердігер анықтайтын мемлекеттік сатып алулар конкурсына бірде-бір өтінімдер түспеген. Осыған байланысты құрылыс жұмыстары келесі жылға ауыстырылды. Ал Құрманғазы ауданының үш елді мекенінде жаяу жүргіншілер көпірін салу жұмыстары басталды.
Облыс орталығының өзінде және Атырау құрамына кіретін қала маңындағы 25 ауылдық округте автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы 1 670 км құрайды, бұлар 1 575 көше. Бүгінде 820 көшенің 870 км жолы жөнделді. Тағы 800 км жолды жөндеу және салу жұмыстары қажет болып отыр. Жергілікті бюджеттен 2016 жылы ұзындығы 49,9 км болатын 65 көшені асфальттауға 4 млрд теңге бөлінді. 49 көшеге асфальт жабын төселді. Жөндеу жұмыстарына демеушілер де қолдарынан келген көмектерін көрсетуде. Атыраудағы автокөлік жолдарын салуға биыл НКОК консорциумы 1 млрд 100 млн теңге бөлді. Осы қаржыға сегіз көше асфальтталды. Атырау қаласындағы жолдарды салу мен жөндеу жұмыстарына компания 5 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр.
- НКОК компаниясы бөлетін бес миллиард теңгеге қаладағы 70 көшенің 57 км-і жөнделетін болады. Біз сонымен қатар, демеушілік көмек көрсету өтінішімен ТШО-ға жүгіндік. Бірақ ол бұл жобаға қолдау көрсетпеді, - деп хабарлады Нұртаев.
Бұдан басқа, Жұлдыз-3 ықшамауданындағы 24 көшені, Көкарнада 7 км автокөлік жолы мен 12 көшені жобалауға 32,8 млн теңге бөлінді.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген автор
25 қазан 2016, 17:08