Алматы. 25 қазан. ҚазТАГ – Пәкістанда полиция академиясына содырлардың жасаған шабуылынан 59 адам қаза болып, жүзге жуық адам жараланды, деп хабарлады ресейлік БАҚ-тар.
Хабарда айтылғандай, шабуыл дүйсенбі күні кешкісін Пәкістанның батысындағы Кветта қаласында жасалыпты. Содырлар полицейлер оқитын оқу орнының жатақханасына шабуыл жасап, курсанттарды кепілдікке алған. Шабуыл курсанттар ұйықтап жатқанда орын алған. Содырлар еш кедергісіз училищенің орталық қақпасынан жатақханаға басып кіріп, оқ ата бастаған. Күзетшілер содырларға қарсы оқ атып, қарулы қарсылық танытқан.
«Олар автоматтардан оқ жаудырып бізге лап қойды. Біз олардан қашып, шатырларға шықтық, одан жатақхананың артқы ауласына секіріп түстік те, қашып құтылдық», - деп, шабуыл басында бірқатар басқа курсанттармен қашып құтылған бір курстанттың айтқанынан БАҚ-тар сілтеме жасайды.
Арнайы қызмет, полицияның күштерінің көмегімен бірнеше сағатта полиция училищесінде кепілге алынған адамдарды құтқара алды.
Соңғы мәліеттер бойынша, содырлардың полиция академиясына жасаған шабуылы нәтижесінде 59 адам қаза болып, 100-ге жуық адам жараланды. Бірақ журналистерге Белуджистан провинциясының ішкі істер министрі Сарфараз Бугти айтқандай, қаза болғандар саны арта түсуі мүмкін, себебі курстанттардың арасында ауыр жарақат алғандар бар.
Пәкістан армиясының өкілінің айтуынша, шабулы жасаған содырлар үшеу болған және олардың барлығында жанкештілік белбауы болған. Олардың екеуі өздерін жарып жіберіп үлгерген және соның салдарынан тағы адм өлімі орын алған. Үшіншісін Пәкістан әскери қызметкерлері атып түсірген. Содырлар қамауға алу кезінде Ауғанстандағы өздерінің жетекшілерімен бірнеше рет байланысқа шығып отырған.
Бірақ әзірге Пәкстандағы бір де содырлар тобы бұл шабуылға жауапкершілікті өз мойнына алған жоқ.
Дереккөз: ҚазТАГ