24 қазанда Атырау қаласындағы Ұлттық баспасөз клубында полицейлердің аналары мен әйелдері қатысқан брифинг өтті. Олардың айтуынша, «Өтеуовтің хатында» баяндалған фактілерді тергеп жатқан Бас прокуратураның ведомоствоаралық тергеу-жедел тобы олардың ұлдары мен күйеулерін заңсыз түрде қылмыстық жауапкершілікке тартқылары келеді.
Баспасөз клубына ІІБ офицерлерінің аналары мен жұбайлары, сонымен қатар, олардың өкілі, облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Нұрлан Жолболов және Бас прокуратура қызметкерлерінің әрекеттеріне қатысты наразылықты қолдауға келген бұрынғы полиция қызметкерлері - барлығы қырық шақты адам жиналды.
Адвокат Н. Жолболов:- Өтеуов бүкіл осы жанжалды тудырған мәлімдеменің негізінде кісі өлтіруші әрі тонаушы болып табылады. Бұл заңды күшіне енген сот үкімімен расталады. Тонау мен кісі өлтіру қылмысын кім ашты? ІІБ қызметкерлерінің өздері. Ал егер анағұрлым нақтырақ айтсақ, мұны қазір кек алуды ғана мақсат еткен Өтеуовтің ойдан шығарылған мәлімдемесі бойынша айыпталып отырған тікелей басшысы Нұрболат Қабдешев ашты. Атырауда қазір мынадай ахуал қалыптасты – осы адамның мәлімдемесі үшін ведомоствоаралық тергеу-жедел тобының қызметкерлері, өрескел тілмен айтқанда, тырнақ астынан кір іздеп отыр. Бір, екі, үш, төрт жыл бұрын орын алған жайттар қаралды. Бір қызығы, мұнда тек ІІБ мүддесі ғана емес – Өтеуовтің мәлімдемесі бойынша прокуратура, сот, тіпті, қаржы полициясы қызметкерлерінің де мүддесі қозғалып отыр. Және, ең бастысы, қарапайым азаматтардың мүдделері қозғалып отыр. Неліктен? Өйткені, ІІБ қызметкерлері қылмыскерлікпен күресудің орнына қазір Өтеуовтің жаласымен және өсек-аяңымен күресуге мәжбүр. Осы мәселенің басын ашып, анықтаудың орнына, ведомоствоаралық тергеу-жедел тобының қызметкерлері бұл мәлімдеме бойынша қазір ІІБ жұмысын аздырып жіберді деуге болады.
Криминалдық полицияның бұрынғы қызметкері Аян Қоспанов:- Мен Нұрболатты ол қылмыстық іздестіру бөліміне келген күннен бастап білемін. Біз ұзақ жылдар бойына бір кабинетте жұмыс істедік. Мен оны өте жақсы маман ретінде білемін, қазір оның қол жеткізген жетістігі, криминалдық полиция қызметінің бастығы болуы көп нәрсені - оның кәсіпқой маман екенін, жұмысқа берілгендігін аңғартады. Осы айыптаулардың барлығы интернетке жарияланған кезде есеңгіреп қалдым.
Қылмыстық іздестіру жұмысының ерекшелігін білмейтін жандар үшін айтарым: «жедел уәкіл» болу оңай емес. Ол үшін адам моралдық тұрғыда табанды болуы тиіс. Мен Өтеуов секілді адам қылмыстық іздестіру қызметіне қалай тап болған деп үнемі таң қалатынмын. Кадрлық қызмет қайда қараған? Бұл ІІБ басшылығына қойылатын сұрақ және үлкен талап. Мен бұл сұрақты Н.Қабдешев пен басқа басшыларға да қойдым. Мұндай адамның ІІБ-не келуі қалай мүмкін болған? Ал ол жай ІІБ-не емес, қылмыстық іздестіру қызметіне – ІІМ-нің «жүрегіне», моралдық тұрғыда орнықсыз адам кіре алмайтын элиталық қызметке жұмысқа қабылданған. Демек, ол адамның байланыстары, қысқаша айтқанда, «крышасы» болған. Маған Н.Қабдешевтің өзі – «біз оған тиісе алмаймыз, әйтпесе, мен оны баяғыда шығарып жіберер едім» деп мойындаған еді. Мен Нұрболатқа: «Сен кәсіпқойсың ғой, адамды суретіне қарап отырып-ақ сипаттай аласың, шынымен де Өтеуовтің бандит екенін көрмеймісің?» дедім. Ол қалайша қылмыстық іздестіру қызметінде жұмыс жасап келген? Мені осы сұрақ көптен бері мазалап келеді. Адвокат қылмыстық іздестіру қызметінің жұмысы төмендеп кетті, бұл қызметтің жұмысы нөлге түсті деп айтып отыр.
Бұл бүкіл Атырау облыстық ІІБ үшін кемшілік. Неліктен ІІМ мен Бас прокуратура басшылықтары осы мәселені алдына қоймайды? Жігіттерге өздерін қорғауға мүмкіндік беріңіздер. Оларға қорғануға мүмкіндік бермей отыр ғой!
Әрі қарай ІІБ қызметкерлерінің әйелдері мен аналары сөз алды.
Нұржамал Сағынбаева:
- Мен қалалық криминалдық полициясының бұрынғы басшысы Нұрболат Қабдешевтің анасымын. Ол қазіргі уақытта 22 жылға сотталған қылмыскер, «погонды құбыжық» Манарбек Өтеуовтің жалған сөз тасуы арқылы қолдан жасалған қылмыстық әрекетке айыпталып отыр.
Өтеуов өзі жасаған кісі өлтіру қылмысын ашқаны үшін ұлым Нұрболатқа жала жауып отыр. Неліктен кісі өлтіруші қылмыскердің сөзін тыңдап отырғандары түсініксіз. Бір жарым жылдан бері ІІБ қызметкерлерін тексерумен қинап келеді. Бірақ біз түрлі жалаларға, жалған сөз тасуларға сенетін қуғын-сүргін жылдарында өмір сүріп жатқан жоқпыз ғой.
Мен бәрінен бұрын ұлым адал, парасатты болғандықтан қынжыламын. Марқұм күйеуім екеуміз екі ұл өсірдік. Күйеуім полицияда қызмет етті, ал балалары әке жолын қуды. Отбасымызда мәрттік пен офицер абыройы үнемі бағаланатын. Ал енді түсінбестік салдарынан ұлымыз қылмыс жасады деп күдіктелуде.
Менің білуімше, ол түсініксіз нәрсеге күдіктеліп отыр. «Армада» мейрамханасында орын алған оқиға туралы әкімшілік істі сот 2013 жылы қарады. Бас прокуратура, Өтеуовтің сөзін ақтау үшін, әкімшілік сот қаулысының күшін жойып, өз ұйғарымын енгізді. Ал «Армада» мейрамханасының басшылығы облыстық прокурорға әлденеше рет хат жолдап, полиция қызметкерлеріне талаптары жоқ екендігі туралы хабарлаған және 2015 жылдың желтоқсанында аса ірі мөлшерде тауарлық-материалдық құндылықтардың ұрлану қылмысын ашқаны үшін алғыс білдірген.
Өтеуов ұсталған кезде өзімен бірге түрмеге менің ұлымды да алып кетемін деп қоқан-лоққы жасағандықтан, осы жағдай орын алып отыр. Өтеуов жасаған қылмыстары туралы құдды бір ерлік жасағандай, ерекше мақтаныш сезімімен әңгімеледі. Ол бүкіл полицейлерді өзіне теңеп, полиция жетекшілігін банданың басшылары секілді көрсетті. Осыдан кейін кім полицияға қызмет етуге барады және неліктен оңбағанды батыр қылады?
Осы сөздерді айтқан Н.Сағынбаева мен Бейбіт Шалтеновтің анасы Жаңыл Ақтаева қатысушыларға ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жолданған хаттың көшірмесін көрсетіп, оқып берді:
«Жан-жақты әрі объективті тергеу деп аталып отырған Талғат Ибраимов басшылық еткен ведомоствоаралық тергеу-жедел тобының тергеу жұмысы ондай емес. Нақты М.Өтеуовтің мәлімдемесі бойынша ішкі істер органдарының 10-нан астам қызметкеріне қатысты қылмыстық істер қозғалды. Өтеуов - еш кінәсі жоқ адамға 35-тен көп пышақ жарақатын салған және оны қала сыртындағы далаға көміп тастаған кісі өлтіруші. Тергеу барысында ол кісі өлтіруге өзін бастығы Н.Қабдешевтің жібергенін мәлімдеді.
Бұл қылмысты Н.Қабдешевтің өзі ашты. Өйткені, Өтеуовті мүрдені қай жерге көмгенін көрсетуге көндірді. Өтеуов бастығының өзін «аяқтан шалғанын» түсініп, одан кек қайтаруды мақсат етіп қойды.
Ғаламторда жарияланған хатында ол Н.Қабдешевтің оған кісі өлтіріп, ұрлық жасауға «тапсырыс» бергенін айтпағанда, Атырау қалалық ІІБ қызметкерлерінің коммерсанттардан пара алумен айналысатынын, жезөкшелерге «крыша» болатынын, көліктерге өрт қойып, пайдакүнемдік мақсатта «Армада» мейрамханасына «шабуылдағанын» (осы мейрамханада тегін көңіл көтеру үшін) айтқан.
Тергеу тобы ІІБ қызметкерлері жасаған бірқатар қылмыстарды анықтады. Бірақ олардың барлығы немқұрайлылық салдарынан (жалған қолтаңбалар қою, пәтерлерге заңсыз басып кіру) жасалған. Ал өзінен қорқытып ақша алды деп мәлімдейтін бірде-бір коммерсант жоқ. Бірақ бұл тергеу тобына аз болды, өз басшылығының алдында есеп беру үшін кінәлі болатын адамдарды іздей бастады.
Тергеу тобы ІІБ-мен салқын қарым-қатынастағы бұрынғы екі полиция қызметкерлерінің (біріншісін ІІБ-ден жұмыстан шығарып жіберген, екіншісі бұрын сотталған) жауаптарына сүйеніп, әкімшілік іс материалдарын бұрмалау түріндегі осы қылмысты нақты сол адамдардың жасағандықтарына қарамастан айыптау жүйесін құрып отыр.
Осы бұрынғы екі қызметкер, қылмыстық жазадан құтылу үшін, қылмыскерлер санатынан куәгерлер санатына ауысты. Бірақ бұл тергеушілерге 10 жылдан астам уақытын Отанға қызмет етуге арнаған Н.Қабдешев пен Б.Шалтеновке қарсы айып тағуға кедергі келтірмеді. Айта кету керек, куәгерлердің бірінің анасы алаяқтық жасады деп айыпталып, оған мемлекетаралық іздеу жарияланды. Оны ұстау мақсатында Қабдешев пен Шалтенов әлденеше рет жедел уәкіл қызметкерлерін оның үйіне жіберген, оның ұлымен суық қарым-қатынасы осыдан туындаған.
Тергеушілерге бұл да аз болды. Олар Өтеуов пен жоғарыда аталған куәгердің жауаптарына сүйеніп, ҚР ҚК-нің 308-бабы бойынша (ескі Кодекс - өкiлеттiктi асыра пайдалану) Қабдешев пен Шалтеновті ҰҚТ мүшесі ретінде есепте тұрған, бұрын әлденеше рет сотталған, бас бостандығынан айыру орнында жаза өтеу режимін бұзғаны үшін жаза кесілген А.Ешмұратовқа қарсы қылмыстық істі бұрмалады деген айып тақты. Тергеу тобының қызметкерлері заңды бұзып, Заңмен қорғалатын құпия куәгерді жария етті. Ол да Ешмұратовтың алдында өз өмірі үшін қауіптеніп өз жауаптарын өзгертті.
Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, біз уақытпен санаспай, құқықтық тәртіпті қорғау қызметін атқаратын полиция офицерлерінің аналары мен жұбайлары, бұл істі өз бақылауларыңызға алуды өтінеміз.
Кісі өлтірушілер мен ұрылар ұлдарымыз бен күйеулерімізге жала жапты, ал Бас прокуратураның тергеу тобы осыны пайдаланып, оларды қылмыстық жауапкершілікке тартқылары келеді. Шынымен де, осы бассыздықты тоқтату үшін бізге өмірімізді құрбан етіп, өзімізге көпшілік алдында қол жұмсау керек пе?».