Атырау, 28 қараша 08:36
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Үш аудандағы тубдиспансерлер жабылды

2 770 просмотра

Жылыой, Қызылқоға, Исатай аудандарындағы тубдиспансерлер жабылды. Енді олар бөлімше ретінде аудандық орталық аурухананың құрамына кірді.

Атырау облысы бірнеше жыл бұрын туберкулез ауруы бойынша бірінші орында тұрған болатын. Кейін сырқат деңгейі төмендеп, туберкулезге қарсы күрес ауруханалары диспансерлер болып өзгертілді. Енді оларды да жабуда.

Бүгінде Қызылқоға ауданындағы тубдиспансердің медициналық және техникалық қызметкерлерінің барлығы аудандық ауруханаға жұмысқа қабыданған.

- Диспансердің ғимараты 2009 жылы «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша типтік жобамен салынған болатын. Ғимаратты енді аудандық ІІБ-ге беру жоспарлануда, - дейді Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Әлібек ОЛЖАҒАЛИЕВ.

Исатай ауданы бойынша өкпе дертіне ұшыраған 35 адам есепте тұр. 14 жасқа дейінгі балалар арасындағы аурушаңдық өсіп тұрғанын статистикалық есептен байқауға болады.

- Ал діни көзқарастағы кейбір ата-аналар 2010 жылдан бері өз балаларына туберкулезге қарсы вакцинаны ектірмеген. Қазір 46 балаға ата-аналары вакцина ектіруге қарсы болып отыр, - дейді аудандық аурухананың туберкулезге қарсы бөлімшесінің дәрігері Қымбат ӘБУ.

Жабылған тубдиспансерлердің медициналық құрал-жабдықтары Атырау облыстық және Махамбет аудандық тубдиспансерлерге берілген.

Жылыой ауданындағы тубдиспансер жабылғаннан кейін 48 қызметкердің 46-сы бірден жұмысқа орналастырылған. Ауданда туберкулез есепте тұрғандар саны - 129.

Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Нұрадин ӨМІРБАЕВТЫҢ айтуынша, қазір туберкулезге қарсы диспансердің ғимаратына реконструкция жүріп жатыр, оны наркологиялық диспансер ретінде жабдықтауда.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА
24 қазан 2016, 16:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.