Атырау, 28 қараша 08:46
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Екі миллион артық болып шықты

Сурет
2 742 просмотра

Image 0

Сурет "АЖ" мұрағатынан алынды

Қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиясының отырысында 2016 жылы нөсер жауыннан зардап шеккендерге материалдық көмек төлеуге бөлінген бюджет қаржыларын игеру мәселесі талқыланды.

Image 1Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Раиса ОРАЛОВА (суретте) баяндама жасады:

– Қалалық мәслихат 2014 жылдың ақпанында стихиялық апаттар мен өрттен зардап шеккендерге бір мәрте берілетін материалдық көмек көлемін бекітті, ол 100 айлық есептік көрсеткішті (АЕК) құрады. 2015 жылдың тамызында осы көмектің көлемі 1 500 АЕК-ке дейін көбейді. 2015 жылдың көктемінде нөсер жауын салдарынан төтенше жағдай жарияланды. 29 тұрғын үй салуға, 11 тұрғын үй құрылысын аяқтауға бір мәрте материалдық көмек алды. Сонымен қатар, жөндеуге және басқа жұмыс түрлеріне бір мәрте берілетін материалдық көмек төленді. Қаржылық бақылау органы қаржылардың бөлінуіне тексеру жүргізді, заң бұзушылықтар анықталмады.

2016 жылдың көктемінде Атырауда тағы да нөсер жауын жауды. Оралованың айтуынша, бір мәрте көмек алуға 1 125 азаматтан өтініш түскен. Комиссияның шешімі бойынша: 459 азаматқа – үй салуға, 77 – құрылыс аяқтауға, 122 – үй жөндеуге бір мәрте берілетін материалдық көмек бөлінген. 253 азаматқа көмек бөлуден бас тартылды, 24 өтініш беруші материалдық көмектен ерікті түрде бас тартты. 46 адам абаттандырылған пәтерлерді алу үшін мемлекетке жер телімдері мен онда орналасқан апатты үйлерді тапсырды. Олардың өтініштері ТКШ бөліміне берілді. 25 зардап шегушінің істері бойынша материалдарды комиссия әлі қарауда. Қостанай көшесінде тұратын азаматша Хабибуллинаның қалалық мәслихатқа жазған арызы бойынша комиссия оған бір мәрте материалдық көмек бөлу туралы шешім қабылдаған.

Қалалық мәслихат хатшысы Қанат ӘЗМҰХАНОВ баяндамашыға сұрақ қойды:

Депутаттық сауал бойынша неліктен сіздер бір мәрте материалдық көмек алушылардың тізімін бермедіңіздер?

Қалалық әкімдік материалдық көмек бөлуді жалғастырып жатқандықтан қарбаластық тудырмас үшін, - деп жауап берді Оралова.

Қ. Әзмұханов қызықты факт туралы әңгімеледі: Әлиев көшесінің тұрғыны Шоқан ХАМЗИН бір мәрте берілетін материалдық көмек ретінде тиесілі үш миллионнан астам теңгенің орнына бес миллион теңге алыпты. Екі айдан кейін жұмыспен қамту бөлімінің қызметкерлері оны шақырып алып, артық төленген ақшаны қайтаруды талап етіп, сотпен қорқытқан. Ол адам ақшаны күшпен алмағанын, оған осындай ақша берілгенін, ол үй салып алғанын және қайтаратын ақшасы жоқ екенін айтыпты...

Р. Оралова бұл жағдайдың бөлімнің дерекқорындағы қателіктер салдарынан орын алғанын түсіндірді.

Біз мұны мойындаймыз. Хамзин 400 мың теңгені қайтарды, енді 1 млн 600 мың теңгені қайтаруы тиіс.

Әзмұханов:

Хамзин маған бірнеше рет келді. Біз шешім қабылдап, оған көмектесуге тиіспіз. Егер жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Нұрлы ХАБИЕВА қазір отырысқа қатысқан болса, онда ол кісіден жауабын ала алар едік деп ойлаймын. Хамзиннің сіздерге қайтаратын ақшасы жоқ.

Одан кейін жұмыспен қамту бөлімінің қызметкері Анар ЖЕҢІСҚЫЗЫ сөз алды:

Бағдарлама басында біздің жұмыспен қамту бөліміне бірден мыңнан астам адам жүгінді. Өтініш берушілер азайған кезде, біз тексеру жұмыстарын бастадық. Тексеру барысында осы артық екі миллион теңге шықты. Мен Хамзинге қоңырау шалдым, дөрекі сөйлемедім, ешқандай қысым көрсеткен жоқпын. Ол маған мүмкіндігі болған кезде ақшаны қайтаруға тырысамын деп уәде берді...

Әзмұханов:

Ол маған жиырма минут бұрын қоңырау шалды. Жұмыспен қамту бөліміндегілер мені үнемі мазалайды, менен әлдебір кепіл хатқа қол қоюды талап етеді деді. Соңғы рет егер оны жайына қалдырмайтын болса, полиция шақырамын деп, оларға айқайлап тастауға тура келіпті. Оның ақшасы жоқ!

Отырыс соңында прокуратура өкілі сөз сөйледі:

Қазір жұмыспен қамту бөлімінде бюджет қаржыларының мақсаттық пайдаланылуына тексеру жүргізілуде. Бұл ақшалар бюджетке дереу қайтарылатын болады.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген автор

23 қазан 2016, 18:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.