Атырау, 28 қараша 08:54
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Бруцеллез: мал төлдейтін кезең қауіпті

2 150 просмотра

Өңірлік коммуникациялар қызметінде тұтынушылар құқығын қорғау департаменті мен облыстық ветеринария басқармасы басшылығының қатысуымен брифинг өтті. Индер ауданындағы бруцеллезге қатысты ахуал туралы әңгіме қозғалды.

Тұтынушылар құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары Ерболат УАИСОВТЫҢ айтуынша, жыл басынан бері ауданда 17 адам ауырған.

Бруцеллез тек үй малынан ғана жұғады, адамнан адамға сырқат жұқпайды, - деді Е.Уаисов. – Баспасөзде сатып алынған ет пен сүтті қолданғандықтан тұрғындар ауру жұқтырып жатыр деген хабарламалар болды. Бұл олай емес. Етті біз қайнатамыз, ал сүтті пісіреміз. Бұл ауруды қоздырғыштар 70 градус температурада 10 минуттан кейін өледі. Шикі сүтті қолданған кезде де бруцеллезді жұқтырып алуға болады. Бүгінгі күні жеке үй-жайдан әкелініп, базарда сатылатын бүкіл сүт өнімдері бақылауға алынған. Әр сатушының тиісті анықтамасы бар.

Е.Уаисовтың айтуынша, жақында Құрманғазы ауданында көршісінен ешкі сүтін сатып алып, шикі күйде пайдаланған ер адамның сырқаттану фактісі тіркелген. Осыдан кейін ветеринарлар көршінің бүкіл қой-ешкісінің бруцеллезбен ауыратындығын анықтады.

Біздің мәліметтеріміз бойынша, бұл жағдайдан басқа, бүкіл науқастар осы ауруды мал төлдеу кезінде жұқтырған. Өйткені, мал қыста төлдейтіндіктен жаңа туған төлді үйге жылы жерге әкеледі. Осыдан кейін қандай гигиена туралы айтуға болады? - дейді Уаисов.

Содан соң облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Азамат АЙТҚАЛИЕВ сөз алды:

Индер ауданында 26 мың сиырдың, 146 қой мен ешкінің және 1,7 мың түйенің қанына зерттеу жүргізілді. Үш сиырдан, 158 қой-ешкіден сырқат анықталды. Ауру жұқтырылған ұсақ жандықтар жойылды, қожайындарына жалпы сомасы 1 млн 448 мың теңге өтемақы берілді. Сиырларға қатысты жағдай басқаша – Индер ауданындағы ветстанция балансында сырқат мүйізді ірі қараны Атырауға «Асыл Агро» мал сою цехына тасымалдауға арналған арнайы көлік бар. Егер ішек-қарнында ауытқушылық болмаса, сойылған сиырдың етін 12 сағаттан кейін базарға жіберуге болады. Егер өзгеріс болса, шұжық пен қалбыр жасауға жіберіледі.

Жыл басынан бері Индер ауданында бруцеллезге күдіктелген 32 тұрғын медициналық көмек алуға жүгінген. Оның 17-інің диагнозы расталды. Біреуінен басқасының барлығы емделді, ол әлі аудандық ауруханада жатыр. Жалпы облыс бойынша жыл басынан бері 51 адам ауырған.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген автор
21 қазан 2016, 15:48

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.