Атырау қалалық әкімдігі 2016 жылғы мүлік жариялау бағдарламасын аяқтау кезеңінің басталғаны туралы баспасөз хабарламасын таратты.
Мүліктерді (ақшадан басқа) жариялау үшін құжаттарды беру мерзімі 30 қарашада аяқталады. Қалалық әкімдікте заңдастыру коммиссиясы жұмыс істейді. ҚР аумағында орналасқан, құрылыс нормалары мен ережелеріне сай келетін, ҚР заңнамасына сәйкес ресімделмеген, меншік құқығы бойынша заңдастырушы субъектіге тиесілі жылжымайтын мүліктер (ғимарат, құрылыс, құрылым) қаралуға жатады. Әңгіме тек жеке тұлғалар туралы болып отыр. Жер телімдері мүлікті заңдастыру нысандары болып табылмайды.
Мүлікті заңдастыру өтінішіне жеке бас куәлігінің көшірмесін (түпнұсқасымен ұсыну керек), аттестатты сарапшының қорытындысын (түпнұсқасы), жылжымайтын мүлік нысанының техникалық төлқұжатын (түпнұсқасы) тіркеу керек.
Осы уақытта комиссияға Атырау қаласы тұрғындарынан жалпы сомасы 11,2 млрд теңге шамасында, соның ішінде тұрғын нысандар бойынша 5,1 млрд теңгеге, тұрғын емес нысандар бойынша - 666 млн теңгеге, коммерциялық нысандар бойынша – 5,4 млрд теңгеге 856 өтініш түсті.
Бүгінгі күні комиссия жалпы сомасы 10 млрд теңгеге 719 өтінішті қанағаттандырды, 17 өтініш құжаттардың жетіспеуіне байланысты қайтарылды, 36 өтініш қанағаттандырудан бас тартылды. Комиссия қалалық әкімдіктің ғимаратында: Әйтеке би көшесі, 77 а мекенжайында орналасқан.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ