15 қазанда «Қазпошта» АҚ Атырау облыстық филиалы қатарынан екі оқиғаны – Дүниежүзілік пошта күні мен Баспасөзге жазылушылар күнін атап өтті.
Бұл күні Құрманғазы атындағы Мәдениет сарайына пошта байланысының қызметкерлері, ардагерлері, кәсіпорынның стратегиялық серіктестері жиналды. Жалпы, Дүниежүзілік пошта күні 9 қазанда атап өтіледі. Бұл күні 1874 жылы Дүниежүзілік пошта одағының (ДПО) негізі қаланды. Бүгінде одақ 192 елді біріктіреді. Бүгінгі күні Қазақстанның заманауи поштасы бұл – жылына 81 млн хат, 7 млн сәлемдеме, 795 млрд теңге ақшалай аударымдар – зейнетақылар, жәрдемақылар мен басқа да аударымдар, 21 мыңнан астам қызметкерлер. Атырау облысында «Қазпошта» жүйесінде 570 адам еңбек етеді, оның 100-ден астамы – пошташылар. Қатысушыларды мерекемен құттықтаған «Қазпошта» АҚ АОФ директоры Бауыржан ӨТЕПБАЕВ бүгінгі күні поштаның қаржылық және агенттік қызметтер көрсетумен айналысатынын атап өтті. Бұл жерде газет-журналдарға жазылуға, зейнетақы немесе басқалай ақшалай аударымды алуға, міндетті төлемдерді төлеуге, интернет арқылы кез келген тауарға тапсырыс беруге және алуға, теміржол және ұшақ билеттерін сатып алуға болады. Басқа операторларға қарағанда комиссиясы да төмен. Ал кешікпей, поштадан тіпті алынған затты киіп, өлшеп көруге де болады. Ол үшін жаңа пошталық бөлімшелерден арнайы орынжай қарастырылуда. Мереке аясында облыстың үздік пошташысы байқауы өткізілді, компания қызметкерлері мен олардың балалары үшін түрлі конкурстар ұйымдастырылды. Соның ішінде, «Болашақтың поштасы» тақырыбында суреттер байқауы өтті. Пошта саласының ардагерлері де назардан тыс қалмады.
«Қазпошта» қызметінің үнемі жаңарып отыратындығына қарамастан, өзгеріссіз қалатын бір нәрсе - жыл сайын қыркүйекте газет-журналдарға жазылу науқаны басталады. Биыл науқан 26 қыркүйекте басталып, республикалық басылымдарға жазылу 25 желтоқсанға дейін, шетелдік басылымдарға жазылу 10 желтоқсанға дейін жалғасады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген автор