Енді мерзімді басылымдарға интернет арқылы да жазылуға болады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Қазпошта» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Бауыржан ӨТЕПБАЕВ әңгімеледі.
«ҚАҒАЗ НҰСҚАДАҒЫ ГАЗЕТ-ЖУРНАЛСЫЗ ҚАЛАЙ БОЛАР?»
Бұл жаңалық «Тез жеңістер» жобасын жүзеге асыру аясында енгізілген: жаңалықтар қатарында гибридті пошта, сұрыптау желісін автоматтандыру, смс-хабарландырулар бар.
26 қырүйекте 2017 жылға жазылу науқаны басталды. «Ақ Жайыққа» және басқа басылымдарға «Қазпошта» бөлімшесінің кез келген бөлімшесінен жазылуға болады. Басылымды 3 мыңнан астам атау жазылған каталогтардың көмегімен таңдауға болады. Жазылған басылымды пошташылар үйге немесе клиенттердің қалауы бойынша жұмыс орнына немесе оқу орнына жеткізеді. Электронды каталогты www.postmarket.kz сайтынан қарауға болады, ал www.post.kz порталында жазылуға болады.
- Бізде өндірістік нысандардың кеңейтілген жүйесі бар: жеті аудандық байланыс торабы, сегіз орталық операциялық учаске, 21 қалалық бөлімше, бес көшпелі бөлімше және жеті (соның ішінде, салық басқармасында орналасқан) пошталық байланыс пункті, 62 ауылдық бөлімше бар, - дейді Б.Өтепбаев.
«Қазпошта» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Бауыржан ӨТЕПБАЕВ
Соңғы екі жылда басылымдарға жазылуды талдау нәтижелері тұрғындарымыздың республикалық газет-журналдарды да (50 пайыз), жергілікті басылымдарды да (49 пайыз) қызығушылықпен оқитынын көрсетіп отыр. Тек 1 пайызы ғана ресейлік басылымдардың үлесінде – негізінен бұлар ірі кәсіпорындар жаздырып алатын кәсіби бағыттағы басылымдар.
– Соңғы бес жылда жазылу таралымдары азайып кетті. Бірақ бұл процесс тек біздің облыста ғана емес, елімізде, жалпы бүкіл әлемде жүріп жатыр. 1000 тұрғынның баспамен қамтылу көрсеткіштері бойынша Атырау облысы Қазақстан бойынша 3-ші орында тұр. Ал екі жыл бұрын 1-ші орында болған еді. Ғаламторға қарамастан «тірі» газет-журналдарды оқығанды ұнататын адамдар әр уақытта да болатындығына сенімдімін. Мен өзім сондаймын, - дейді жазылым бөлімінің басшысы Марианна КИМ.
БҮКІЛ ҚАЛА ЭЛЕКТРОНДЫ ҚАЛТАДА
Тағы бір маңызды жаңалық – пошталық индексті иемденудің жаңа механизмі мен электронды абоненттік пошта жәшіктерінің бірыңғай жүйесінің құрылуы.
2015 жылдан бастап жаңа пошталық индекстер пилотты режимде Астана мен Петропавлда енгізілді. Әр ғимаратқа бірегей әріпті-санды код беріледі. Жаңа индекс жеті символдан тұрады: біріншісі облысты немесе қаланы, одан кейінгі екеуі – ауданды, қалған төртеуі – ғимаратты, яғни, көше мен құрылыс нөмірін білдіреді. Жаңа индексті www.postcode.kz сайтынан білуге болады.
Бір қызығы, бірінші әріп бұрын берілген автомобиль нөмірлерінің индексациясына сай келеді. Сонымен, Астана индексіндегі алғашқы әріп «Z», Алматы облысында «В» және т.б. Сол сайттан индекс бойынша картадан нысанның орналасқан жерін де білуге болады. Бұл пошташылардың, курьерлер мен таксишілердің, полицейлер мен жедел жәрдемнің, яғни, қызмет бабы бойынша қажетті мекенжайды іздеп табуға тура келетіндердің жұмысын жеңілдетуі мүмкін деп жоспарланып отыр. Жаңа индекстер көшелердің атауы немесе үй нөмірі ауысқан жағдайда да өзгермейді. Бұдан басқа, қаланың әр бөлігіндегі бірдей атаудағы көшелерге немесе нөмірлері бірдей үйлерге қатысты проблемалар шешіледі.
Журналистердің сұрақтарына жауап берген Б.Өтепбаев жаңа индекстерді енгізу жеткізу мерзімін қысқартуға, хаттарды сұрыптауды жеңілдетуге, алушының нақты мекенжайын айқындауға және электронды абоненттік жәшікке хабарлама жеткізуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Бұдан басқа, жаңа индекстердегі бірегей код арнайы бағдарламаның көмегімен бүкіл ақпаратты – ғимараттың қожайыны кім екенін, ол жерде қандай мекеме орналасқанын, байланыс мәліметтерін және т.б. білуге мүмкіндік береді. Атырау облысында жаңа индекстерді енгізу жұмыстары биыл басталады, бұл жұмыстар келесі жылы да жүргізілетін болады.
Бұдан басқа, жаңа жоба аясында «Қазпошта» АҚ бөлімшелерде көрсетілетін пошталық және қаржылық қызметтерді электронды форматқа көшіреді. Енді клиенттер үйлерінен шықпай-ақ, онлайн-режимде пошта қызметін ала алады – төлемдер жүргізеді, соның ішінде жол жүру ережесін бұзғаны үшін салынған айыппұлдарды төлейді, сәлемдемелерді алады, пошталық жіберілімдерді ресімдейді.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірге автор