Мақат ауданында батыр Байбақты ҚАРМЫСҰЛЫН еске алуға арналған шаралар ұйымдастырылды. Батырдың бейіті жатқан Тасқұдықта аламан бәйге мен ақындар айтысы өткізілді. Меймандар арасында ҚР Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі ӘШІМОВ пен айтыскер ақын Ринат ЗАЙЫТОВ сияқты танымал тұлғалар болды.
- Мен осы Ата басына келгенімде рухани күш алып, өзімді жақсы сезінемін, - деді Әшімов.
Байбақты Қармысұлының шыққан тегі Шеркеш он екі ата Байұлы руынан. 1853-1860 жылдары ол Маңғыстау және Үстірт, Жем, Елек бойы қазақтарының көтерілісінде ерекше белсенділік танытқан, ал өмірінің соңғы жылдарын тақуалықпен өткізіп, молда (сопы) болған, Тасқұдықта жерленген.
Батырдың рухына арнап ас беру рәсімі жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен және аудандық әкімдіктің қолдауымен ұйымдастырылған.
Аламан бәйгеге Астана, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және жергілікті атбегілердің қосқан 43 аты түсті. 30 шақырымдық қашықтықты бәрінен бұрын қашықтықты бірінші болып еңсерген Астанадан келген жүйрік тұлпар. Оның атбегісі Арман ТӨЛЕУОВ «УАЗ Патриот» автокөлігін жеңіп алды. Екінші орын мен «Нива» автокөлігі қызылқоғалық Бейбіт ЖҰМАҒАЛИЕВКЕ берілді. Үшінші орын мен Лада «Приора» Маңғыстау облысынан келген атбегі Әділғали ТАҢАТАРОВҚА тиді.
Ал айтысқа әр облыстан келген ақындар қатысты. Бас жүлдеге Ринат ЗАЙЫТОВ (Семей) лайық деп танылды. Оған сыйлық ретінде Лада «Приора» автокөлігі тарту етілді. Бірінші орын мен 1 млн теңге көлемінде ақшалай сыйлықты Жылыой ауданынан келген ақын Сырымбек СӘРСЕНБАЕВ жеңіп алды. Екінші орын мен 500 мың теңге Ақтөбеден келген ақын Қайнар АЛАГӨЗОВКЕ табыс етілді. Ал үшінші орын мен 300 мың теңге Тараздан келген ақын Асхан ҚЫЛЫШБЕККЕ бұйырды.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА