Атырау, 28 қараша 08:46
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

​«Жер митингілері» туралы іс: Прокурормен сөзге келу. Адвокаттан бас тарту

Толықтырылды Сурет Бейнежазба
3 675 просмотра


№2 Атырау қалалық сотында азаматтық белсенділер Макс БОҚАЕВ пен Талғат АЯНҒА қатысты қылмыстық істерді қарау басталды.

Оларды тергеу ісі ҚР ҚК-нің алауыздықты қоздырды (174-бап, «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру»), көрінеу жалған ақпарат таратты (274-бап) және тәртіп бұзды (400-бап, «Жиналыстарды, митингілердi, пикеттерді, көше шерулерiн және демонстрацияларды ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбiн бұзу») деп айыптауда.

Сотты судья Гүлнар ДӘУЛЕШОВА жүргізеді, айыптауды прокурорлар СЫДЫҚОВ мен ХАБИБУЛЛИН ұсынады. Сотта сотталушылардың мүддесін Аянның әкесі адвокат Төлепқали АЯНОВ, адвокаттар Ж. БАЛҒАБАЕВА, Н. ЕСКЕНДІРОВА қорғайды. Боқаевтың апасы Жанар БОҚАЕВА қоғамдық қорғаушы болып тағайындалды.

Ұсынылған қылмыстық іс материалдарына сәйкес, айыптау куәгерлерінің тізімінде 236 тұлға, қорғау куәгерлерінен – 13 адам бар.

Қалалық соттың залы әрі кеткенде жиырма шақты адамға есептелген, алайда келушілер саны әлденеше есе көп болды. Сот залына кіре алмағандар сот процесін көрші бөлмеден монитор арқылы бақылады. Баспасөзді залға алғашқы бес минутта жіберді. Сотталушылар орындығында отырған Макс Боқаев пен Талғат Аян жігерлері жасымағандарын айтты. Адам құқықтары жөніндегі Норвегиялық-Хельсинки комитетінен халықаралық бақылаушылар Мариусс ФОССУМ мен Валентина КОЗАЧЕВСКАЯ, халықаралық «Азаптауға қарсы комитет» ұйымынан Екатерина ВАНСЛОВА, Ерлан ҚАЛИЕВ (Адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюро), Амангелді ШАРМАНАБАЕВ («Халықаралық құқықтық бастама» қоры), Игорь КОЛОВ пен Әлима ӘБДІРОВА (Қазақстан құқыққорғаушылар қауіпсіздігі коалициясы) арнайы Атырауға келді.

Сағат 11.30-да күтпеген жерден сот Аянның адвокатының өтінішінен кейін үзіліс алды. Төлепқали Аянов «іс жүргізудегі заң бұзушылықтарға байланысты» төрағалық етуші Дәулешовадан бас тарту туралы өтініш білдірді. Адвокаттың мәлімдеуінше, іс сотқа берілген кезде екі сотталушыны да қамауға ұстау мерзімі өтіп кеткен екен. Бір қызығы, санкция ұзартылмаған. Аянов күні бүгінге дейін оларды заңсыз қамауда ұстады деп есептейді.

30 қыркүйекте қамауға алуға берілген санкция мерзімі өтіп кетті – бұл жұма, соңғы жұмыс күні болатын. Ал 3 қазанда біз түске дейін өтініш хат бердік, өтінішіміз еленбеді, ал түстен кейін судья негізгі сот ісіндегі бірінші отырыстың датасын белгіледі, - деді Аянов.

Үзіліс бір сағатқа созылды.

Үзілістен кейін отырыс жалғасты, судья адвокат Аяновтың өтініші бойынша өз шешімін мәлімдеді – ол қабыл алынбады. Әрі қарай отырыс барысында сол адвокаттан прокурорлардан бас тарту туралы өтініштер түсті: оның айтуынша, орын алған іс жүргізу заңнамасының бұзылуы, фактілердің сәйкес келмеуі және тіпті құжаттарды кейінгі датамен рәсімделуі бұған негіз болған екен.

Аяновтың келесі өтініші күтпеген жайт болды – ол соттан Макс Боқаевтың адвокаты Жанар Балғабаевадан бас тарту туралы өтініш берді. Мәселе мынада, Балғабаева басқа қылмыстық істің шеңберінде атышулы Ринат ҚИБРАЕВТЫҢ мүддесін қорғады. Блогер биылғы жылдың мамырында жеңгетайлық жасады деген жанжалды айып бойынша ұсталған болатын. Ал тамыз айында ҚР ҚК-нің 309-бабы бойынша («Жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық») бір жарым жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Сол кезде одан Боқаев - Аянның ісі бойынша куәгерлік жауабын алып тастады. Ол тергеу ісіне Төлешов өз делдалдары арқылы Талғат Аянға митинг ұйымдастыру үшін 100 мың доллар берді деп көрсеткен. Ол іс аяқталды, Боқаевтың қорғау тарапының пікірінше, заңды түрде оның бұл іспен еш қатысы жоқ және бүгінгі күні Балғабаева Қибраевты қорғаумен айналыспайды.

Судья өтініштерді талқылауға уақыт беріп, кетіп қалды. Қайта келген соң ол пікірлерді тыңдады. Боқаев прокурорлардан бас тарту туралы өтінішті қолдады, ал екінші өтінішке қатысты адвокат Балғабаеваға толықтай сенетінін мәлімдеді және мұндай өтінішті «мезгілсіз» деп есептеді. Талғат Аян да прокурорлардан бас тарту туралы өтінішті қолдап, Боқаевтың адвокатынан бас тарту туралы мәселені сот қарауына қалдырды.

Судья үзіліс жариялап, кеңесу бөлмесіне кетті. Үзіліс кезінде адвокаттар осы өтініш бойынша сотталушылармен олардың ұстанымдарын мақұлдасты. Талқылау барысында сот залында күтпеген жерден ұрыс-керіс туындады. Сотталушылардың достары мен таныстары олармен амандасу үшін әйнекпен қоршалған отырғышқа жақындаған кезде, мемлекеттік айыптаушы Сыдықов қарауылға қарап, оларға қатысты: жібермеңдер, әйтпесе, оларға пышақ немесе бомба беріп жіберуі мүмкін деген дөрекі ескерту жасады. Айыпталушылардың адвокаттары жауап ретінде Сыдықовқа үзіліс уақыты екенін, оның іс бойынша мемлекеттік айыптаушы болып табылатынын, ал сот процесін реттеуге тек судья ғана өкілетті екенін еске салды. Жанжал өршіп, жеке бастарына ауысты. Жанжал қызған шақта белсенді және құқыққорғаушы Әсел НҰРҒАЗИЕВА Сыдықовты қай жерде көргенін есіне түсірді:

Сіз Жаңаөзендегі 37 мұнайшының ісін жүргізген екенсіз ғой. Бәсе, сіздің жүзіңіз таныс болып еді. Біз де сол жерде болдық.

Отырысты жалғастырған судья қабылдаған шешімін жария етті: прокурорлардан бас тарту туралы өтініш қабыл алынбады, адвокат Балғабаевадан бас тарту туралы өтініш қанағаттандырылды. Балғабаева Боқаевты қорғаудан шеттетілді.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА


Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Суреттерді түсірген Марат ТАКУЛИН

12 қазан 2016, 12:42

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.