Бүгін, 10 қазанда Нұрсая ықшамауданындағы полицияның әкімшілік ғимараты ресми түрде екінші рет ашылды.
«Тұрғындарға қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында ІІД-нің кейбір қызметтері Нұрсая ықшамауданында орналасқан полицияның жаңа әкімшілік ғимаратына көшті. Бұл жерде көші-қон полициясы, ақпараттық-аналитикалық орталық және әкімшілік полиция басқармасы, соның ішінде тіркеу-емтихан бөлімі болады», - деп хабарлады ІІД баспасөз қызметі.
Мұның бірінші салтанат еместігі оқырманның есінде. Наурыз айында кеңсені сол кездегі қала әкімі Нұрлыбек ОЖАЕВ салтанатты түрде ашып, бұл жерге облыстық және қалалық жергілікті полиция қызметтері, сонымен қатар ІІД-нің шұғыл әрекет ететін арнайы жасағы көшіп келетінін мәлімдеген болатын.
Қазір жергілікті атқарушы билік қалай деп орағытса да, іс жүзінде әкімдіктен сұрап алған және депутаттар бекіткен бюджет ақшасына ІІД-нің жаңа әкімшілік ғимаратының орнына, неліктен екені белгісіз, осы 4 қабатты тұрғын үйді тұрғызған. Біз осы жерде 12 пәтерлік екі лифт бар екенін, әр пәтердің алаңы 250 шаршы метр екенін әлденеше рет жазған едік. Бірінші қабатта түрік моншасы-хамам, сауна, бассейн бар. Пәтерлерге чех асүй жиһаздары, қымбат сантехника орнатылып, импорт жиһаздар әкеліне бастады. Жаңа қоныстанушылар тізімінде, біздің ақпаратымыз бойынша, облыс әкімінің орынбасарларының бірі, бүкіл дерлік құқыққорғау органдарының басшылары бар. «АЖ»-дағы атышулы жарияланымнан кейін үйді шұғыл арада полиция құзырына, бір қабатын «Арлан» арнайы жасағы мен шұғыл әрекет ететін арнайы жасаққа берді. Орнатылып қойған импорт жиһаздың бір бөлігін алып кетіп, ІІД нысандарына таратуды ұйғарды. Енді бұл жерге көші-қон және әкімшілік полиция, тіркеу-емтихан бөлімі қоныстанды. Біржолата ма екен?
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ