Атырау қаласының №2 соты облыстық көліктік бақылау инспекциясының екі қызметкеріне ҚР ҚК-нің 366-бабының 2-тармағы («Айтарлықтай мөлшерде пара алу») бойынша үкім шығарды.
Сот осы жылдың 9 тамызында «Атырау-Астрахан» трассасындағы «Қазмұнайгаз» жанармай құю бекетінің тұсында көліктік бақылау инспекциясының бас маманы ресейлік мемлекеттік номері бар International 9400 маркілі жүк көлігін тоқтатқанын анықтады. Көлікті арнайы таразыдан өткізу кезінде тасымалдаушы жүктің салмағы нормадан асып кетеді. Сол жерде инспектор жүргізушіге «келісімге» келудің оңай жолын ұсынып, ұялы телефонынан 5000 санын көрсетеді. Әңгіме Ресей рублі туралы болатын. Жүргізуші банкоматтық кәртішкесінде небары 1000 рубль екенін түсіндіреді, сол кезде инспектор одан көлік құжаттарын алып қалып, ақша тауып келуін талап етіп, бір күннен кейін пара сомасы 10 мың рубльге өсетінін айтады.
Келесі күні ресейлік азамат қажетті соманы тапқанын хабарлайды. Алдын ала сақтанған парақор ақшаны алып келуге инспекцияның жүргізушісін жұмсайды. 75 мың теңге көлеміндегі ақшаны алып, жолда 25 мың теңгесін өз қалтасына басқан жүргізуші инспекторға 50 мың теңгені апарып береді. Ресейлік азаматтың полицияға хабар бергенін олар екеуі де білмейтін.
- Екеуінің де кінәсі сотта толық дәлелденді, - дейді Атырау қаласының бөлім прокуроры Лаура АСАНОВА. - Оларды мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан біржолата айыра отырып, әрқайсысына 3 млн теңге көлемінде айыппұл төлеу түріндегі жаза тағайындалды.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА