Атырау, 28 қараша 08:41
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Исатай батырдың құрметіне арналған той

8 157 просмотра


Исатай ауданы Аққыстау ауылында батыр Исатай ТАЙМАНҰЛЫНЫҢ туғанына 225 жыл толуына және 1836-1838 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілісінің 180 жылдығына орай ұйымдастырылған үлкен мерекелік іс-шаралар өтті. Алыс-жақыннан келген меймандар батыр бабаның басына гүл дестелерін қойып, рухына тағзым етті. Олардың арасында Атырау қаласында тұратын батырдың бесінші ұрпақтары да болды.

Басты шаралардың бірі - Аққыстау ауылындағы И. Тайманұлы атындағы тарихи мұражайдың салтанатты ашылуы болды. Бұл күрделі жөндеуден өткен бұрынғы прокуратура үйінің ғимараты.

Ауыл ортасында киіз үйлер құрылып, меймандардың ішінде отырып әңгімелесуіне жағдай жасалды. Шараның соңы ән-күйге ұласты. Орталық стадионда сол кезеңді көз алдымызға келтірген театрландырылған көрініс ұйымдастырылды. Белгілі күйші Айгүл ҮЛКЕНБАЕВА мен әнші Гүлмайдан СҮНДЕТОВА өнерлерін ортаға салып, халықтың ыстық ықыласына бөленді.

Сондай-ақ, сол күні Кіші жүздің батыр ұлдары Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы және солар бастаған 1836-1838 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілісіне қатысқан сарбаздар туралы «Тарих және Тұлға» тақырыбында өткен облыстық ғылыми-практикалық семинарда кеңінен айтылды.

- Исатай мен Махамбет - ары мен намысында кіршіктей дақ түспеген, саф алтындай жарқыраған адамдар. Басқа көтерілісшілер болды. Олар кейін көтеріліс шарықтағанда патшамен тіл табысып, орден алып өздерінің көтерген істерін қойболдыға айналдырып жіберді. Ал мына екі еріміз бастарын шапса да еңкеймейтінін дәлелдеді. Елге, Отанға деген махаббат бұл, - деді Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік Сыйлықтың иегері Әнес САРАЙ (суретте).

- Әлі де болса зерттеуді қажет ететін жайттар бар. Дегенмен кезінде көтерілісшілерге көмектескен ұлдарын ұлығылау болашақтың еншісінде қалып тұр, - деді Х. Досмұхамедов атындағы АМУ-нің профессоры, тарихшы-өлкетанушы Аманкелді ШАМҒОНОВ (суретте). – Мәселен, менің пікірімше, патша әскерлерін көтерілісшілерден жырақ алып кету үшін адастырып, уақыт оздырып, өз басын қатерге тіккен Қабыланбай ҚАЛДЫБАЙҰЛЫНЫҢ ерлігі дәріптеуге тұрарлық. Желтоқсанның қарлы боранында қазіргі Махамбет ауданы Сарытоғай ауылы тұсынан көтерілісшілердің бір бөлігін Жайықтан өткізген Құрақ МАЯБАСОВ неге ұмытылады? Қазақтың батыр ұлдарын жазалағандар кейін екеуіне 500 рет дүре соғып, Сібірге айдатып жібереді. Солардың атына көше беру керек деп есептеймін.

Конференцияға қатысушылар Қ. Қалдыбаев, Қ. Маябасов есімдерін мәңгіге қалдыру үшін Атырау және Исатай аудандарындағы көшелерге, мекендерге есімдерін беру; сарбаздар жерленген орынды қоршау, қорғауға алу туралы қарар қабылдады.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттерді түсірген автор

7 қазан 2016, 14:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.