6 қазан күні таңертең Мақат ауданындағы Доссор-Бейнеу тас жолының үшінші шақырымында соңы өліммен аяқталған қайғылы оқиға орын алды.
Астрахан облысының тұрғыны болып келетін РФ-нің 47 жастағы азаматының басқаруындағы Honda автокөлігі таңертең ерте жүгіруге шыққан 66 және 67 жастағы екі жергілікті тұрғынды қағып кетті.
Олардың бірі оқиға орнында қаза болды, ал екіншісі сәл кейінірек Мақат аудандық орталық ауруханасының жансақтау бөлімінде көз жұмды.
- Аталған факт бойынша ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-тармағымен (жол қозғалысы ережесін бұзған жүргізушінің абайсызда адам өліміне әкеп соққан әрекеті) қылмыстық іс қозғалды, - деп хабарлады Мақат ауданының прокуроры Аршат ТАЙТУЛЛИН. – «Хонданың» жүргізушісі ұсталды, сотқа дейінгі тергеу-тексеру амалдары жүруде.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА