Fancy Bears тобының хакерлері антидопинг агенттігінің тыйым салынған препаратттар қабылдап, ойынға шығуға құқық берілген спортшылар туралы ұрлаған жаңа материалдарын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат РБК-ға сілтеме жасап.
Кезекті әшкерелеуде Fancy Bears хакерлері АҚШ антидопинг агенттігінің (USADA) қызметкері Мэтью Федорук пен америкалық спорт шенеуніктері арасындағы диалог кезінде жіберілген материалдарды жариялады. Ондағы ақпаратқа сүйенсек, АҚШ-тың шамамен 200 спортшысы тыйым салынған препараттарды қабылдауға рұқсат беретін түрлі құқықтарға ие. Әсіресе, бұл тізімнен велоспорт, жеңіл атлетика, триатлон, жүзу және тау шаңғысы спортындағы атлеттерді жиі кездестіруге болады.
Сонымен бірге, хакерлер жай спортшылар ғана емес, АҚШ паралимпиада құрамасының қатысушылары да заңдық тұрғыда допинг қабылдайтынын көрсеткен. Олардың арасында Рио-де-Жанейродағы Паралимпиада ойындарында алтын алған баскетболшы Абигейл Данкин пен Дженнифер Польст, Мэтт Лесперанс, Уилл Уоллер де бар.
Бұл материалдарды Fancy Bears хакерлері Рио-де-Жанейродағы Олимпиадаға допинг қабылдады деген күдікпен ресейлік спортшылардың жіберілмеуінен кейін жариялай бастады. Дәл осы себеппен Ресей құрамасы Бразилиядағы Паралимпиада ойындарына да бара алмады.
WADA құжаттардың түпнұсқа екенін растады және ұйымның деректер базасын өздерін Fancy Bear деп атап жүрген ресейлік Tsar Team (APT 28) хакерлер тобының бұзғанын айтуда.
Дереккөз: Іnform.kz