Атырау, 29 наурыз 20:17
 ашықВ Атырау +1
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Қылмыстар хроникасы

2 993 просмотра

Қыркүйектің 26-да таңертең ертемен Мұқанов көшесінде белгісіз екеу 22 жастағы жігітке тап беріп, оның ұялы телефонын, қол сағаты мен 11 мың теңге салынған әмиянын тартып алған. Зардап шегуші бірден полицияға хабарласады. «Батыс 1» түнгі экипажының қызметкерлері із суытпай Исатай ауданының 18 жастағы тұрғыны мен Атырау қаласының 17 жастағы тұрғынын күдікті ретінде ұстады. Олардан заттай айғақтар алынды. ҚР ҚК-нің 191-бабы («тонау») бойынша сотқа дейінгі тергеу ісі басталды.

Құрманғазы аудандық соты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабы («ұсақ бұзақылық») бойынша әкімшілік жаза туралы шешім шығарды. Іс материалдарына сүйенсек, Құрманғазы ауданының мас тұрғыны К.-ны Ганюшкин поселкесіндегі аудандық сот ғимаратының жанынан өтіп бара жатып, жаяу жүргінші жолына сыраның бос бөтелкесін лақтыра салғаны үшін полиция ұстаған. Облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, К. кінәлі деп танылып, бес тәулікке әкімшілік қамау жазасы берілді.

Жылыой аудандық соты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабы («ұсақ бұзақылық») бойынша Құлсары қаласының тұрғынына қатысты әкімшілік істі қарады. Ол WhatsApp арқылы қайынсіңлісіне балағат сөздер жазып, оның ар-намысына тіл тигізген. Сотта әйел өз кінәсін толықтай мойындап, өкініш білдірді. Оған 10 АЕК (21 210 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды.

Атырау қалалық №2 соты наурыз айында бас бостандығынан айыру орнынан шыққан азамат С.-ны 2 айға қамауға алуға санкция берді. Тергеу жорамалы бойынша, ол биылғы жылдың 25 қыркүйегінде ВАЗ-21074 көлігін басқарып келе жатып, Жұмыскер поселкесінде 54 жастағы әйел адамды қағып кеткен. Көлік оқиға орнынан ғайып болған, ал зардап шегуші алынған зақым салдарынан көз жұмды.

Полицияға Атыраудың 20 жастағы тұрғыны шағымданды: 3 қазанға қараған түні Авангард 3-ші ықшамауданында белгісіз екеу оның «Тойота-Хайлюкс» көлігінің әйнегін сындырып кеткен. Бұзақылардың жеке бастары анықталды. Олар 20 және 31 жастағы қала тұрғындары екен. Оларға іздеу жарияланды.

Полицияға 56 жастағы әйел шағымданды: 23 қыркүйекте дүкенде 29 жастағы ұлы оның қолынан 5 мың теңге купюраны жұлып алып, қашып кеткен. Күдікті ұсталып, басқа жаққа кетпеу туралы қолхатпен босатылды.

Полицияға Индер ауданының 38 жастағы тұрғыны шағымданды: 26 қыркүйекте түн ортасында Атырауда Қарымсақов көшесінің бойындағы кафеде оны белгісіз біреу ұрып-соққан. Атыраудың 34 жастағы тұрғыны ұсталып, басқа жаққа кетпеу туралы қолхатпен босатылды.

Қыркүйектің 30-ынан қазанның 5-іне дейінгі аралықта облыс ауқымында өткізілген «Нелегал» операциясының барысында шетел азаматтарының ҚР аумағына келу ережесін бұзған 800-ден астам факт анықталды. Осы үшін жергілікті 20 тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 60 шетелдік қабылдау-тарату қосынына қамалды, 90-шақтысы елден шығарылды.

Қазанның 1-іне қараған түні Сырым Датов көшесінде полицейлер «Хундай» көлігін тоқтатып, жүргізушісінің мас екенін анықтаған. Бұдан басқа, биылғы жылдың мамырында оның бір жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айрылғаны белгілі болды.

Қыркүйектің 30-ында тал түсте Құрманғазы көшесіндегі сауда орталығында белгісіз біреулер құны 70 мың теңге тұратын ноутбук ұрлаған. 25 және 27 жастағы қала тұрғындарына іздеу жарияланды.

«Бекіре» операциясының күзгі кезеңі басталғалы су полициясы 110 заң бұзушыны ұстады, 8 тоннадан астам балық тәркіленді, соның ішінде 2 центнері бекіре тұқымдас балықтар, 2,2 келісі уылдырық. 20 қылмыстық іс қозғалды.

Атырау қалалық мамандандырылған әкімшілік соты қаладағы қонақ үйлердің бірінің қасында мас күйде ұйықтап қалған азаматша Р.-ға қатысты материалды қарады. Жыл ішінде оны мас күйде қоғамдық орында полицияның екі рет ұстағаны анықталды. Сот қаулысымен Р. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 440-бабы («Алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу») бойынша кінәлі деп танылып, бір тәулік мерзімге қамауға алу жазасын алды.

6 қазан 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.