Қалалық сотта азаматша В.-ның ұлынан өзін күтіп-бағуға алимент өндіріп алу туралы талап-арызы бойынша азаматтық іс қаралды.
Талап-арыз беруші жүрегіне ота жасалып, қымбат дәрі-дәрмектер тағайындалғандықтан осындай қадам жасапты. Қазіргі уақытта ол жұбайымен бірге тұрады. Екеуі де зейнеткер, алайда, олардың зейнетақылары қымбат дәрі алуға жетпейді. Сот азаматша В.-ның кәмелетке толған ұлы мен қызы бар екенін, қызының мекенжайы белгісіз екенін, ал ұлының материалдық тұрғыда еш көмектеспейтіндігін анықтады.
Облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» ҚР Кодексінің «Еңбекке жарамды кәмелетке толған балалар өздерінің көмекке мұқтаж, еңбекке жарамсыз ата-аналарын күтіп-бағуға және оларға қамқорлық жасауға міндетті» делінген 145-бабының 1-тармағын басшылыққа ала отырып, сот ай сайын ұлынан анасын күтіп-бағуға 4 АЕК (8 484 теңге) өндіріп алу туралы шешім шығарды. Шешім заңды күшіне енді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ