МАҚАТ АУДАНЫ
Мақат ауданындағы құрылыс жұмыстарына облыстық бюджеттен қомақты қаржы бөлінді.
Мақат поселкесіндегі «Береке» ықшам ауданында тұрғын үй салу үшін берілген жер телімдеріне электр және газ желілерін жүргізу жұмысына 190 млн теңге бөлінді. Мердігер «Атырау Ж. Б. И.» ЖШС жұмысты осы жылдың желтоқсанында бітіруі тиіс. Мақат поселкесіндегі балалар саз мектебін күрделі жөндеу жұмысына 31 млн теңге бөлінді, «Керей-Темп» ЖШС жұмысты қазанның 10-на дейін аяқтауы тиіс.
Доссор поселкесіндегі 4,5 шақырым көшені жарықтандыру жұмысына 2,5 млн теңге бөлінді. Жұмысты 30 қазанда аяқтау жоспарланып отыр. Сондай-ақ, 15 шақырым су құбыры желілерінің құрылысы және су айдау стансасының жобасын әзірлеу жоспарланған. Жұмыстар қазаннан бастап жүруі тиіс.
Доссорда НКОК-тың демеушілігімен үш қатарлы 60 пәтерлік үйдің құрылысы салынуда. Құрылыстың жалпы құны 682 млн теңге, нысанды пайдалануға тапсыру мерзімі - 2017 жыл.
ЖЫЛЫОЙ АУДАНЫ
Жылыой ауданында биыл 150 гектар жерге көкөніс және бақша дақылдары егілді. Бұл егіс көлемінің өткен жылмен салыстырғанда 41 пайызға артқанын көрсетіп отыр.
Биыл аудан бойынша 40 гектарға көкөніс, 110 гектарға бақша дақылдары егілді. Одан 587 тонна көкөніс, 1 738 тонна бақша дақылдары жинап алынған.
«Аман-Есен», «Бірлік», «Мереке» шаруа қожалықтары апта сайын Құлсары қаласында өткізілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінде өнімдерін төмен бағамен халыққа ұсынған.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА