ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан САҒАДИЕВ Мақат ауданы Доссор поселкесінде құрылысы созылып кеткен О. Сарғұнанов атындағы мектепті (суретте) сынға алған болатын.
Мектеп «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынуда.
- О. Сарғұнанов атындағы мектептің ескі ғимараты 1964 жылы салынған. Мектепте акт залы, кітапхана, асхана бөлмесі қарастырылмаған. Ол үшін біз басқа сынып бөлмелерін пайдаландық. Спортзал өте тар. Бүгінде мектептің ескі ғимаратында екі ауысыммен 400-ге жуық оқушы оқиды. Сондықтан біз жаңа мектептің тез бітуін асыға күтудеміз, - дейді Мақат аудандық білім бөлімінің басшысы Ербол ЕРМАҒАМБЕТОВ.
300 орындық жаңа мектептің құрылысы өткен жылдың тамызында басталды. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 763 млн теңге бөлінген болатын. Бас мердігер – «АтакентЖылыой» ЖШС. Мектеп 1 қыркүйекте пайдалануға беріледі деп жоспарланды. Алайда, оқушылар жаңа оқу жылын аталған мектепте қарсы ала алмады.
Мектептің кешігу себебі жайлы «АтакентЖылыой» ЖШС-нің директоры Ғизат БИСЕНОВ айтып берді:
- Биылғы жаңбырдың көп түсуі жұмысымызға қатты кедергі келтірді. Екінші себеп – нысанның жобалық-сметалық құжаты бұдан екі жыл бұрын жасалған. Ал содан бері құрылыс материалдарының бағасы көп өзгерді. Бірақ, біз бұл тығырықтан шыға білдік. Бүгінде мектептің ішкі жұмыстары толық бітіп, құрал-жабдықтары әкелініп, сыныптар мен асхана бөлмесі жабдықталған. Су, газ құбырлары мен электр желілері іске қосылған. Енді қалып тұрғаны сыртқы төсемтас төсеу жұмысы. Қазанның аяғында нысанды пайдалануға береміз деп жоспарлап отырмыз.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА