Атырау, 28 қараша 11:45
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Мал азығы жеткілікті ме?

5 227 просмотра

Ауылдық округтердегі фермерлер мал азығын дайындау жұмыстарын аяқтай келді.

Қызылқоға ауданы. Биыл өр суы мен жаңбырдың мол түсуі құйқалы аймақты көк шалғынға орап тастады. Аудан көлеміндегі 206 шаруа қожалығы шөп науқанына ерте кіріскен. Ауыл шаруашылығы бөлімінің ақпарына сүйенсек, өткен жылғы 16 мың тонна қалдықты қоспағанда, биылғы жылы жоспарға сәйкес, 126 500 тонна пішен дайындау белгіленген. Жұмысқа бірнеше бригада мен 200-ден астам ауыл шаруашылығы техникалары мен автомашиналар жұмылдырылды. Пішеннің ең көп көлемін «ҚызылқоғаМТС» шаруа қожалығы жинады - 10 мың тонна пішен дайындаған.

- Бүгінде 141 477 тонна шөп шабылып үлгерген, біз жоспарды асыра орындадық. Одан бөлек, резервте 7 мың тонна шөп дайын тұр, - дейді Қызылқоға ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайырғали БАЗАРБАЕВ.

Биыл шөп мол болғасын бұл өңірде оның бағасы да төмендеген. Өткен жылы 350 кг рулонның бағасы 3,5 мың болса, биыл оны 2 мың теңгеге сатып алуға болады. Сондықтан жем-шөп сатып алуға шаруалар Мақат пен Доссордан келіп жатыр.

Жылыой ауданы бойынша биылғы қысқа 16 000 ірі қара, 63 561 қой-ешкі, 7 146 жылқы, 7 619 түйе 166 учаскеде қыстатылады деп күтілуде. Осыншама малға 32 662 тонна пішен қажет болса, күні бүгінде 34 175 тоннасы дайындалған.

Құрманғазы ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Саламат ҚАБДОЛОВТЫҢ мәліметінше, ауылдық округтерде 70-ке жуық бригада 138 машина, 417 әртүрлі маркілі трактор, 349 тіркеме, 378 ауыл шаруашылығы агрегаттарын іске қосқан. Барлығы аудан бойынша 150 852 тонна пішен дайындалған.

Исатай ауданында шөптің көп бөлігін сырттан сатып алады. Бір рулонның бағасы 3500-4000 теңге тұрады.

Махамбет ауданынан екі бригада Қызылқоға ауданы Тайсойған ауылында шөп дайындауда. «Бірінші май» ЖШС «Шодыркөл» суармалы егістік учаскесінен шөп дайындап алған. Жалпы, Махамбет ауданы бүгінде 49 мың тонна пішен дайындап отыр – бұл жоспардың 97 пайызы орындалды деген сөз.

Шаруалардың басым бөлігі жаз жайлаудан қыстақ басына көшіп үлгерген және қыс қамын жасауға кірісіп кеткен.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

6 қазан 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.