Атырау, 28 қараша 08:50
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Үміт отын жаққандар

2 613 просмотра

«Болашақ К» қоғамдық қоры инсульттан, зақым алғаннан, жүрек-қан тамырлары ауруларынан кейін пациенттерді ерте оңалтуға бағытталған «Өмірге оралу» жобасы бойынша алдын ала қорытынды жасады.

ылдың қарашасында «ЭксонМобил Қазақстан» компаниясы «Болашақ К» ҚҚ-ның нейро-ортопедиялық патологиясы бар пациенттерді өзінің оңалту орталығының базасында «Өмірге оралу» жобасын ұйымдастыру бастамасын қолдаған еді. Бастапқыда ол бір жылға арналды, бірақ жақсы нәтижелер бергендіктен және тұрғындардың көп сұранысына ие болғандықтан, пациенттерді оңалту бүгінгі күні де жалғасуда.

- Бұл жоба Атырау облысындағы реабилитологиядағы жаңа тәсілге түрткі болды. Біз медициналық, педагогикалық және психологиялық түзетуді кешенді жүргіземіз. Медициналық оңалтуда емдік-дене шынықтыру кешені (ЕДК) кеңінен қолданылады, - дейді «Болашақ К» ҚБ директоры Жібек БИСЕНОВА.

Әлемдік тәжірибе – жойылған функцияны тезірек қалпына келтіру үшін оңалтуды анағұрлым ерте бастау керек екендігін көрсетіп отыр. Іс жүзінде Қазақстанда оңалту орталықтары тек мүгедектік алған науқастарды ғана қабылдайды. Қажетті құжаттарды ресімдеу бірнеше айларға созылады, бұл кезеңде босқа уақыт жоғалады. «Өмірге оралу» секілді жобалар осындай жағдайды өзгертуге бағытталған.

Бірінші кезеңде онкүндік «Медициналық реабилитология негіздері» және «Ауыр науқастарға күтім жасау» деп аталатын 22 оқыту семинары мен «Эмоционалдық күю» және «Пациентпен қарым-қатынас жасау» деп аталатын 16 психологиялық тренинг өткізілді. Облыстық балалар ауруханасынан, қалалық емханалардан, облыстық оңалту орталықтарынан, Бөбектер үйінен 330 медицина қызметкері, Атырау медицина колледжінің студенттері, медициналық білімдері бар жұмыссыздар және науқастардың туыстары оқытылды. Емдік дене шынықтыру нұсқаушылары даярлықтан өткізілді.

2015 жылдың қыркүйегінде «Болашақ К» ҚБ оңалту бригадаларының жұмысы бойынша екінші кезеңді жүзеге асыра бастады. Түрлі нейро-ортопедиялық патологиясы бар 100 пациентке көмек көрсетілді. Физикалық оңалту курсына невропатологтың, реабилитологтың кеңестері, Валида Исанованың әдістемесі бойынша ЕДК нұсқаушысының жеке жаттығулары кірді.

Биылғы жылдың ақпанында үшінші кезеңде физикалық оңалтумен қатар педагогикалық түзету әдісі қолданыла бастады. Нәтижесінде дәрігерлердің құрама командасы тағы 100 пациентке кешенді оңалту жұмыстарын жүргізді. Олардың бірі 7 жасар Төлеген РАЙЫМБЕК – позитивті, елгезек, ширақ бала.

- Оның өз ойын, сезімін жеткізе алмайтыны, құрдастары секілді ойнап, велосипед тебе алмайтыны жанымды ауыртатын. Алайда, бүкіл курс бойына баламды оңалтуды қолға алған орталық қызметкерлерінің арқасында ұлымның жазылып кететіндігіне сенімім пайда болды. Әрине, аналар мен олардың ерекше балалары аз уақытқа болса да дерті туралы ұмытып, сеніп, үміттеніп, бірге күлуі үшін осындай жобалар көбірек болса деймін, - дейді Төлегеннің анасы Шынар СХАХОВА.

Жобаны жүзеге асыру барысында нейро-ортопедиялық костюмдерге және басқа жаңа оңалту жабдықтарына қажеттілік туындады. Биылғы жылдың қыркүйегінде «ЭксонМобил Қазақстан» компаниясы «Атлант» нейро-ортопедиялық пневмокостюмдер, кинезотерапия үшін «Бобат» үстелін және қозғалту аппаратын қалпына келтіруге арналған функционалды орындықтар алуға қаржы бөлді.

Пациенттердің айтуынша, олар үшін шетелдегі сирек және қымбат тұратын курстардың орнына туған қалаларында тұрақты оңалту жүргізуге мүмкіндік пайда болғандығы өте маңызды екен.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

6 қазан 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.