24-26 қыркүйектегі Атырауда орын алған «Газ шабуылы» (АЖ №39, 29.09.16 ж., «Говоров көшесіндегі пропан тозағы») фактісі бойынша Атырау облысы бойынша экология департаменті кінәлілерді таба алмады.
Бұл туралы «АЖ» сауалына берген жауабында департамент басшысы Қабижан ҚАПАНОВ хабарлады: «Атырау облыстық экология департаменті «Қазгидромет» РМК облыстық филиалы станциясының мәліметтерін талдай отырып, 25-26 қыркүйекте күкіртсутек бойынша шекті рұқсат етілген концентрацияның (ШРК) асқандығы тіркелмегенін хабарлайды. Сонымен қатар, 26 қыркүйекте күндіз департамент қызметкерлері Химпоселке ауданынан, Говоров, Атамбаев көшелерінің және Перетаска каналының маңынан ауа сынамасын алды. ШРК асқандығы анықталмады».
Ал жақын күндері Атырау тұрғыны Ғазиз САРҒАЛИЕВ облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВҚА хат жолдады. Ол қалада түнде түрлі шығарындылардың иісінен тыныстау мүмкін болмай қалатынын жазған. «1 қыркүйекте мен ҚР Бас прокуратурасының тарапына шығарындыларынан ШРК асқан деп күдіктелген бүкіл кәсіпорындарға шұғыл тексеру белгілеу, бүкіл заң бұзушыларды жауапкершілікке тартып, болашақта осы заң бұзушылыққа жол бермес үшін бүкіл шараларды алу өтінішімен хат жолдадым. 9 қыркүйекте Атырау облыстық табиғат қорғау прокуратурасы маған Атырау облыстық экология департаментінің тарапына тиісті тексерулер жүргізу және заң бұзушылықты жою туралы ұйғарым шығарылғаны жөнінде жауап жолдады. Осы тексеру нәтижелері туралы хабарлауды, сонымен қатар, заң бұзушыға қатысты шаралар алуды өтінемін».
Соңғы жаңалық: экологтардың айтуынша, мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы «Таза ауа» бағдарламасын әзірлеген. Соның аясында Атырауда табиғат пайдаланушы кәсіпорындарға бірқатар рейдтік тексерулер жүргізу жоспарланып отыр. Бұдан не шығатынын көрейік. Бұған дейін еш нәтиже шықпаған еді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ