Фото: sputnik.kgҚұжат премьер-министрдің құзыретін кеңейтіп, судьяларға бақылауды күшейтеді. Бұл түзетулер желтоқсанға дейін референдум арқылы қабылданбақ, деп хабарлады 24.kz.
Қырғыз парламенті 2010 жылғы төңкерістен кейін конститутцияны 2020 жылға дейін өзгертпейміз деген шешім қабылдаған. Бұл мораторий билік заңды өз ығына жықпас үшін жасалды. Алайда, араға алты жыл салып бірқатар депутат заманның өзгергенін алға тартып, ата заңға өзгерту қажет деген ойларын ортаға салды. Олар алдымен премьер-министрдің рөлін күшейту керек деген пікірде. Өйткені, қазір үкімет басшысында тіптен жұмысы ақсаған министрді жұмыстан шығаруға құзыреті жоқ.
Айнұру Алтыбаева, Қырғызстан Республикасы жоғарғы кеңесінің депутаты: - Премьер-министрдің рөлін күшейту керек. Бұл қадам арқылы оған билікті реттеуге мүмкіндік береміз. Құзыретін кеңейту, оның өз міндеттерін дұрыс орындауға мүмкіндік береріне сенемін. Сот жүйесіне келсек, судьяларға бақылауды күшейту ұсынылып отыр. Мәселен, бұл қызметке үміткер жұмыс барысында телефон, пошта, телеграф және құпия келіссөздерден бас тартуы тиіс. Бірақ, көптеген депутаттардың бұл түзетулермен келіскісі жоқ.
Наталья Никитенко, Қырғызстан Республикасы жоғарғы кеңесінің депутаты: - Бұл өзгерістерді асығыстықпен қабылдауға болмайды. Бәріміз бірауыздан мәмілеге келуіміз керек. Аз уақытта референдум жасау дұрыс емес. Референдумды өткізуге 317 млн сом қажет. Бұл – шамамен 1,5 млрд теңге. Бірақ, қаржы министрлігі «жалпыхалықтық дауыс беру мен жергілікті депуттардың сайлауын біріктірсе, бұл шығынды екі есе қысқартуға болады», - дейді.
Дереккөз: 24.kz