Көрнекі сурет. Фото: ReutersАҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров өткен түні телефон арқылы әңгімеде Сириядағы жанжалды бірлесіп реттеу мүмкіндіктерін талқылаған. Бұл туралы Reuters хабарлады. Алепподағы жанжалдың ушығуы сөз болған әңгіменің жай-жапсары жайлы ештеңе айтылмайды,- деп хабарлады Азаттық.
Кеше сириялық құқыққорғаушылар ресейлік әуе күштерінің қолдауына сүйенген үкімет әскері Алеппоның оппозиция бақылауындағы ауданында орналасқан ірі ауруханалардың бірін бүлдірген деп хабарлаған. БҰҰ мәліметі бойынша, соңғы аптада Сирияда үкімет армиясының әуе соққылары салдарынан кемінде 400 бейбіт тұрғын мерт болған.
Бұған дейін АҚШ пен Ресейдің арағайындығымен жасалған Сириядағы бітім гуманитарлық жүк тиелген автокеруенге әуеден жасалған шабуылдан кейін бұзылған. АҚШ ол шабуыл үшін жауапкершілікті Башар Асад режимін қолдайтын ресейлік әскерилерге артқан. Мәскеу оқиғаға қатысы жоғын мәлімдеген. Керуенге шабуылдан соң «атысты доғару» режимін қайта орнатуға бағытталған талпыныстар нәтижесіз аяқталған.
Дереккөз: Аzattyq.org