Жылыой ауданында жыл басынан бері кәмелетке толмағандардың жыныстық еркіне қол сұғушылыққа байланысты ҚР ҚК-нің баптары бойынша 5 қылмыс тіркелді.
Жылыой аудандық прокуратурасының прокуроры Айбар ӨТЕПБЕРГЕННІҢ айтуынша, мониторинг барысында әлеуметтік желілерде қаскөй мен ықтимал құрбандық арасында орнаған байланыстардың осындай қылмысқа түрткі болатындығы анықталған.
- Мониторинг барысында прокуратура Vkontakte әлеуметтік желісінен педофильдік ниеттегі бірнеше топтың бар екенін анықтады. Қазір осы топтарды Қазақстан аумағында қолдануға шектеу енгізілді, - деді А.Өтепберген. – Бұдан басқа, біз Vkontakte әлеуметтік желісінен жасөспірімдерге суицид туралы ой салатын бірнеше топтарды анықтадық. ҚР Байланыс және ақпарат агенттігі де осы топтарды еліміздің аумағында пайдалануға шектеу енгізді.
Айнұр САПАРОВА