29 қыркүйекте Атырау облысының әкімі Нұрлан НОҒАЕВ Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Моджтаба ДАМИРЧИЛУДЫ (суретте) қабылдады.
Бүгінгі күні біздің арамыздағы экономикалық байланыстар орташа деуге болады. Кедендік статистикаға сәйкес, Атырау облысы мен Иран арасындағы тауар айналымы биылғы жылдың 7 айы ішінде 19,5 мың долларды (экспорт 2 мың, импорт - 17,3 мың) құрады. Ираннан өңіріміз кептірілген жемістер, полипропилен, мәрмәр, травертин, алебастр және әйнек импорттайды. Қазір бұл жерде иран капиталының қатысы бар бір кәсіпорын - «Каспиан Силк Роад» ЖШС жұмыс істейді (азық-түліктер, сусындар және т.б. сатады).
Әңгіме барысында облыс әкімі сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, ирандық инвестиция тартуға, мұнай-газ саласындағы біріккен кәсіпорынды құруға қызығушылық білдірді. Н.Ноғаевтың пікірінше, бізге агроөнеркәсіп секторында бірлесе жұмыс жасауға болады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген автор