Ресей жоғарғы соты Қырым сотының Қырым татарларының өзін-өзі басқару органы - меджлисті тарату туралы шешімін заңды деп тапты. Меджлистің мүддесін қорғаушы адвокат Кирилл Коротеевтің айтуына қарағанда, ол жоғарғы сот шешіміне қарсы Страсбургтегі Еуропаның адам құқығы жөніндегі сотына шағымданады,- деп хабарлады Азаттық.
Ресей Қырым түбегін Украинадан аннексиялап алғаннан екі жылдан соң - биыл 26 сәуірде Қырым жоғарғы соты меджлисті экстремистік ұйым деп танып, қызметіне тыйым салған. Меджлиске 1999 жылы Украина үкіметі ресми мәртебе берген. Қырымның 2,5 миллион халқының 12 пайызын татарлар құрайды. 2014 жылы ақпанда Қырымды ресейлік әскерилер басып алып, наурызда заңсыз аннексиялаған соң татарлардың көпшілігі көшіп кеткен.
Қырымда қалған татарлар қауымының өкілдері жаңа билік тарапынан қысым көріп жатқандарын айтады. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен Батыс елдері Мәскеудің аннексиядан соң Қырым татарларын қудалағанын қатаң сынаған.
Дереккөз: Аzattyq.org