Фото: AFPАҚШ қорғаныс министрі Эштон Картер Пентагон Иракқа осы ел армиясын "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік ұйымының содырларынан Мосул қаласын азат ету операциясына даярлау үшін 615 әскери қызметкер жіберетінін мәлімдеді. Енді Ирактағы АҚШ әскерінің саны 5 мың 200 адамға жетпек. Картердің сөзіне қарағанда, әскерилердің көпшілігі ирак және күрд жасақтарын Мосулды алуға дайындап, олардың шабуылына қолдау көрсетеді,- деп хабарлады Азаттық.
Ирак премьер-министрінің мәлімдеуіне қарағанда, АҚШ Иракқа "конструкторлар мен кеңесшілерін" ирак әскеріне көмектесу үшін жіберіледі.
Ирактың екінші ірі қаласы саналатын Мосулды түрлі есеп бойынша үштен төрт мыңға дейін содыр қорғап тұр. Қаланы азат ету операциясы АҚШ-тағы президент сайлауы қарсаңында өтпек. Операцияның сәтті немесе сәтсіз болуы президенттікке Демократиялық партия кандидаты Хиллари Клинтонның сайлауалдындағы беделіне әсер етпек. Себебі Республикашыл партия кандидаты Дональд Трамп Клинтонды ол АҚШ мемлекеттік хатшысы болып тұрғанында "әрекетсіздік танытып", ИМ-нің "жетекші террористік ұйымға айналуына" мүмкіндік жасады деп айыптаған.
Дереккөз: Аzattyq.org