Франция астанасы Париждің тұрғындары бір тәулікке көліктен бас тартты. Осылайша шаһар көшелерінің 45 пайызы машинадан ада етіліп, жаяу жүргіншіге толды,- деп хабарлады BNews.kz.
Қоршаған ортаның тазалығына үндеген қала басшылығы Париж тұрғындары мен қонақтарын машиналарын тұрақта қалдырып, қоғамдық көліктер мен табиғи таза велосипедті пайдалануға шақырған және қала ішіндегі автобустардың жылдамдығын сағатына 20 шақырымнан асыруға да тыйым салынды. Тек жедел қызмет көрсету саласының көліктері ғана көшеде жүруге рұқсат алды. Олар мүмкіндігі шектеулі жандарды қажет жеріне жеткізіп береді.
Айта кетейік, бұл Парижде ауаның ластануына қарсы жасалған жалғыз шара емес. 1 қыркүйектен бастап ғашықтар қаласына 1997 жылға дейін шығарылған көліктердің кіруіне тыйым салынды, деп жазады 24.kz.
«Көшелердің көліксіз болғаны керемет екен. Ешқандай шу да, улы газ да жоқ. Қалаға шығып машинаның дауысын естімей серуендесең, тынығып қаласың. Ауа да таза», - дейді жергілікті тұрғын Томас Поуессел.
«Машинасыз бір күн. Мұны көру керемет, әрине. Бірақ ертеңгі күннің бүгінгіден айырмашылығы жер мен көктей болады. Сондықтан барлық тұрғындарды осы шараға атсалысуға шақырамын және неге әр күнімізді осылай өткізбеске?!», - деп ұсыныс тастады Париждің көлік қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Кристоф Наждовский.
Дереккөз: BNews.kz