24 қыркүйекте «Атырау» ФК жаттығу базасы «Судоремонтник» стадионында футбол клубы директорының міндетін атқарушы Тимур НИГИМОВ, команда басшысы Бағдат АҒНИЯЗОВ және бас бапкер Стойчо МЛАДЕНОВПЕН барынша белсенді деген жанкүйерлердің кездесуі болды.
«АРТЫҚ ОЙЫНШЫ ЖОҚ»
Алғашқы болып сөзді Т.Нигимов алды:
- Өздеріңіз білесіздер командадағы жағдай өте қиын. Жарақат алған ойыншылар саны көп. Жартылай қорғаушы Ұлан Қонысбаев Қытай және Қазақстан құрамаларының жолдастық матчында ауыр жарақат алды. «Ертіспен» болған матчта қорғаушы Алдан Балтаев тізе буынының жарақатын алды. Қорғаушы Владислав Кузьмин де жарақаттанды және тізе буынын жартылай қорғаушы Валерий Коробкин де зақымдап алды. Жаттығу кезінде қорғаушы Берік Айтбаев буынын жарақаттап алса, таяуда ғана «Ақжайықпен» болған матчта Алексей Мулдаров тізесіне қатты соққы алды. Жаңа ойыншылар Айтбаев пен Максим Фединді команда соңғы трансферлік кезең барысында алған болатын.
Жанкүйерлер сұрақтар қоя бастады.
- Менің фамилиям Сүлейменов. «Жетісумен» өз алаңымызда болған ойын жеке менің өзіме ешқандай әсер қалдырған жоқ. «Атырау» 3:1 есеппен ойынды жеңіп жатқанда, ойын аяғында сіз, Стойчо, алаңға жас ойыншыларды алмастырып шығардыңыз. Нәтижесінде ойын 3:3 болды. Сонда қалай, іс жүзінде сіз жеңісті қолдан беріп қойған боласыз ба?
С. Младенов:
- Бізде негізгі ойыншыларымыздың көпшілігі жарақат алды. Балтаевтың жағдайы ауыр, ол ойнай алмайды. Кузьминге ота жасалды, Коробкин жақын арада Италияға ота жасатуға аттанбақ, Қонысбаев болса сол жақта ем алуда. Шабуылшы Пшемыслав Трытко бір ойынға қатысады, екеуін өткізіп жібереді, өйткені тізесінің жарақаты бар. Александр Дамчевски жарақатының салдарынан екі ай алаңға шыққан жоқ. Менің ойымша, Айтбаев бізге жарақатымен келген. Мулдаров ертең «Таразбен» болатын ойынға қатыса алмайды. Қорғаушы Валентин Чуреев болса, «Қайратпен» болған кубок матчында жарақатымен ойнады. Запаста үш ойыншы бар, олар - Александр Макась, Вячеслав Шарпар және Федин.
Мен «Жетісумен» болған ойында қателік жібердім. Мені қорғанысты күшейтпей, ойынға жас ойыншыларды шығарды деп кінәлайды. Ал, запаста ешкім болмаса, біз қалай қорғана аламыз. Мен жергілікті ойыншылар Алексей Мааров пен Наурызбек Жагоровқа ойнауға мүмкіндік бергім келді. Бірақ, болмай қалды.
Жанкүйерлер сұрақ беруді жалғастырды.
- Біздің команда барлық матчтарда бірінші таймды өте жақсы ойнайды, ал екінші таймда өз қақпаларына жабысып қалады...
С. Младенов:
- Біздегі проблема – команда ішіндегі бәсекелестіктің жоқтығы. Запастағы ойыншылардың шеберліктері жетіспейді. Біз ойыншыны ауыстырамыз, бірақ, одан нәтиже жоқ, керісінше ұтыламыз. Запастағы ойыншылардың аз болуы салдарынан жұмыс істеу өте қиын.
Бізде «Қайрат» секілді мәртебелі командамен болған матчқа қатысқан төрт жас ойыншы бар. Біз оларды осылай әрекет ететін болсақ, оларды ойыншы ретінде жоғалтып алуымыз да мүмкін. Бұл оларға психологиялық соққы болар еді. Жастар құрамасындағы ойыншылармен сақтықпен мұқият жұмыс жасау керек. Мен күн сайын осы мәселелерге бола басымды ауыртамын...
«БҰЛ ЖЕРДЕ ӨЗІМ ЖҰМЫС ЖАСАҒЫМ КЕЛЕДІ»
- Мен ФК басшылығына қазіргі бас бапкерді келесі жылға қалдыруды ұсынамын.
- Менің өзім бұл жерде жұмыс істегім келеді. Қазіргі клуб басшылығымен біз келесі жылы да жақсы жұмыс атқара аламыз деп ойлаймын. «Атырау» ФК үшін алғашқы алтылықта ойнап, Еурокубок үшін күресуге барлық мүмкіндігі бар деп есептеймін.
Б. Ағниязов:
- Команда бірінші алтылық ойыны үшін жинақталды. Көздегеніміз 4-ші орын болатын. Алайда, ол мақсатымыз орындалмады. Сол себепті ойыншыларымыз үлкен психологиялық қысымға ұшырады. Маусымды лайықты аяқтау үшін бізге сіздердің қолдауларыңыз керек. «Атырау» ойыншылары деңгейі мен кәсібилігі жағынан топта ең үздік ойнауы тиіс еді. Ал, енді назар аударыңыз, ең төменгі алтылықта ойнап жүр... Сәтсіздіктер үшін жаттықтырушыны кінәлап, «бапкерді ауыстырыңдар!» деп айқайға басу – сіздердің тараптарыңыздан әдепсіздік болып саналады. Біз командамен бірге біртұтас болуымыз керек. Біз Тимур Нигимовпен бірге «Ақжайық» ФК жұмыс жасадық. Біз азғантай бюджетпен бұл команданы Бірінші лигадан Премьер-лигаға шығардық, «Қайратты» жеңген, «Ақтөбе» мен «Ертіспен» тең ойнаған, «Тараздан» басым түскен ұжымды жинадық. Бұның бәрі қандай да бір таңғажайып ақшалармен емес, Премьер-лигадағы ең соңғы бюджетпен шешілді.
«БОЛАШАҚТА АТҚАРЫЛАР ІСТЕР КӨП»
Т. Нигимов:
- Маусым басынан бері «Атырауда» бас бапкер үш рет ауысты. Мұның командаға әсері болды. Бірақ, біз мұнымен өзімізді ақтамаймыз. Бізге команданы сеніп тапсырды, біз барлығына жауап береміз.
Қазір біз келесі маусым қалай болады, кім бас бапкер болады деген мәселелер төңірегінде ойланып жатырмыз. Жоспарымыз көп, тіпті, стадионды қайта жарақтауды да қолға алу ойымызда бар.
Негізгі командадан басқа, облыстағы футбол болашағы туралы да ойларымыз бар. Футбол орталығына шетелдерден жаттықтырушылар шақыру жоспарымыз бар. Футбол орталығының филиалдары Геолог поселкесіндегі №36 мектепте, Дамбыдағы Ф.Оңғарсынова атындағы мектепте, Махамбет және Исатай аудандарындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде ашылды. Филиалдарды Қызылқоға, Индер, Жылыой аудандарында ашу жоспары бар. Мұның бәрі болашақта атқарылар істер. Спортқа дарынды балалар үшін интернат құрылысының жобалау-сметалық құжаттары жасақталуда. Оларда футбол сыныптарын ашу туралы шешім қабалданып қойды. Онда дренажды және суару жүйелері, трибуна, жарықтандыру жүйелері бар футбол алаңдары болады. Интернат Нұрсая ықшам ауданында салынбақ. «Судоремонтник» стадионын қайта жасақтау жобасы сараптамадан өтуде, ал, «Мұнайшы» стадионын қайта жасақтау жобасы УЕФА-мен келісіліп, жүзеге асырылу кезеңін күтуде.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген автор