Өткен түнде Будапешт орталығында болған жарылыстың мақсаты анықталды. Қаскөйлер венгер полициясының қызметкерлерін өлтірмек болған. Бұл туралы Будапеште өткен баспасөз конференциясында полиция комиссариатының басшысы Кароль Папп мәлімдеді,- деп хабарлады BNews.kz.
«Біз тапқан айғақтар олардың полицейлерді жарғысы келгенін дәлелдеп берді», - деді ол.
Оның айтуынша, қаскөйлер Венгрияның барлық полициясын жарып, қызметкерлерді өлтіруді көздеген. Зардап шеккен екі қызметкердің жағдайы тұрақты, деп жазады ТАСС.
Қала билігі қылмыскерлерді ұстауға көмектесетін кез келген ақпарат үшін 10 млн форинт (32,7 мың еуро) сыйақы беретіндігін жариялады.
MTI агенттігінің ақпаратына сәйкес, ер адамның жарылысқа дейін ғимарат терезесінің алдына қара сөмке қалдырып кеткені бейнебақылау камераларына жазылыпты. Құқық қорғау органдары күдіктіні іздестіруде. Бүгін қайғылы оқиғаға байланысты Венгрия парламенті қауіпсіздік комитетінің шұғыл отырысы өтеді.
Дереккөз: BNews.kz