Атырау облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі ауданаралық соты автотрасса бойында бес жасар қызын қалдырып кеткен әйелді ата-ана құқығынан айыру туралы Махамбет аудандық білім бөлімінің талап арызы бойынша азаматтық істі қарады.
Сотта жауапкер Э.Т.-нің 2016 жылдың мамырында өзінің кішкентай қызын Алмалы селосының маңындағы Атырау-Орал трассасында әдейі қалдырып кеткендігі анықталды. Қызды кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлар тауып алып, Бейімдеу орталығына орналастырды.
Жауапкер өз әрекетін былай түсіндірді: көңілдесі бұрынғы некеде туылған қызына қарсы болғандықтан, қызын трассада қалдырып кеткен екен. Ол сонымен қатар, қазір егіз шаранаға жүкті екенін хабарлады.
Айта кету керек, бұл әйел бұдан бұрын екі үлкен баласына қатысты ата-аналық құқығынан айырылған. Соттың қазіргі шешімімен ол үшінші баласына қатысты да ата-ана құқығынан айырылды.
Сот шешімі заңды күшіне енді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ