Жарбосынов көшесіндегі 120 пәтерлік №71 үйдің тұрғындары мен «Бірлік» ПИК төрағасының арасында біраз дау туды. ПИК жұмысына риза болмаған тұрғындар оның құрамынан шығуды ұйғарды. Алайда, төраға олардың бастамасын мақұлдамады.
«БІЗ КЕТКІМІЗ КЕЛЕДІ!»
«Бірлік» ПИК-і бұл үйге 2014 жылдан бастап қызмет көрсетіп келеді. Осы уақыт ішінде тұрғындардың көптеген талаптары жиналып қалған: үйдің қасбеті нашар күйде, сылағы түсіп жатыр, аулаға кірер жердегі асфальт жабыны бұзылған, подъездерге ағымдық жөндеу мүлдем жасалмаған, аула ыбырсып, қоқысқа толып жатыр, подъездер мен аулада жарық жоқ, өткен жылы орын алған апаттан кейін жылу жүйесінің құбырлары әлі оқшауланбаған...
- Жаңа екеніне қарамастан үйде үнемі кәріз жүйесіне қатысты проблемалар орын алады. Оны тұрғындарға өздіктерімен, өз есебінен шешулеріне тура келеді. Біз ПИК-ке тозығы жеткен тұрбаларды ауыстыру өтінішімен әлденеше рет жүгіндік. Ешқандай әрекет жоқ. Сонымен қатар, ПИК жеделсатылар бойынша іске қосу-реттеу жұмыстарын жүргізуден бас тартып отыр. Бұл қызмет көрсетуші мекеменің тікелей міндеті болып табылады. Осы күні кеше ғана үйіміздің жылыту маусымына әзір еместігін білдік. ПИК басшылығы ешқандай жиналыс өткізбейді. Үйдің қажеттіліктеріне үнемі қосымша ақша жинайды. Ал ПИК басшысы бірде-бір рет қаржылық есеп ұсынған жоқ, - деп растайды тұрғындардың бастамашыл тобының белсендісі Жанат АҒДӘУЛЕТОВА.
Тұрғындардың пікірінше, ПИК-тің толықтай әрекетсіздігінен шаршаған олар бірігіп, заң аясында әрекет етуді ұйғарады. Алдымен жиналыс өткізген, айта кету керек, оған төраға келмеген.
– Біз «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңымен жете таныстық. 42-ші баптың 7-тармағында тұрғындардың көпшілігі қабылдаған шешім бойынша ПИК-тен шығу мүмкіндігі қарастырылған, - дейді Ж.Ағдәулетова. – Сауалнама парақтары әзірленіп, онымен бастамашыл топ өкілдері бүкіл пәтердің меншік иелерін аралап шықты. ПИК-тің құрамынан шығу үшін тұрғындардың үштен екісінен астамы дауыс берді. Бұл біздің қызмет көрсетуші мекемемен қарым-қатынасымызды тоқтату үшін жеткілікті.
Өздерінің ПИК-тен шығу ниеті туралы тұрғындар жазбаша түрде басшылықты 7 қыркүйекте хабардар еткен. Хатқа жалпы дауыс беру нәтижелерін тіркеп, үйдің құжаттарын, қосалқы орынжайлардың кілттерін табыстау үшін 12 қыркүйекке дейін мерзім белгілеген.
Алайда, ПИК заңнама талап еткендей, бұл хабарлама-хатты тіркеуден бас тартқан. Тұрғындар бұл туралы тиісті акт толтырыпты.
– Біздің шешімімізді төраға елемейді. Әлі күнге дейін ол бізбен қарым-қатынасты үзуден бас тартуда, құжаттар мен кілттерді бермей отыр. Осыған байланысты прокуратураға шағымдануға мәжбүр болдық, - дейді үй тұрғындары.
«АЛДЫМЕН ҚАРЫЗДАРЫҢДЫ ТӨЛЕҢДЕР»
«Бірлік» ПИК-інің төрағасы өз кезегінде жалпы жиналыс өткізуді ұйғарды. Оған пәтердің меншік иелерінен басқа қалалық тұрғын үй инспекциясының бастығы Нұрлан ЕРҒАЛИЕВ шақырылды. Жиналыс басталғанша біз төрағаға қалыптасқан ахуалға қатысты комментарий беру өтінішімен жақындаған едік. Алайда, ол үзілді-кесілді бас тартты, тіпті аты-жөнін айтып, таныстырғысы да келмеді. Айтпақшы, неліктен бұл мәтінде оның фамилиясы әлі айтылмаған? Өйткені, оны тіпті тұрғындардың көпшілігі білмейді де. Ақыры оның Хамит СЕРІКҚАЛИЕВ екені анықталды.
Жиналыста талаптарды тыңдаған Х.Серікқалиев №71 үйдің екі жыл бұрын қалалық әкімдіктің үлкен өтінішімен қызмет көрсетуге алынғанын хабарлады.
– Сіздің үйден түсетін табыстан гөрі, шығыным көп. Бүгінгі күні пайдалану шығындары үшін жарты миллионнан астам теңге бережақтарыңыз бар, - деді ол. – Дегенмен де, үйге су, жарық, газ, жылу үзіліссіз берілуде.
Бұл тұрғындардың наразылығын тудырды: монополистердің коммуналдық қызметтерінің үзіліссіз берілуі мен олардың ПИК құрамынан шығу ниеті арасында қандай байланыс бар? Бұған Серікқалиев тұрғындардың заңға қайшы әрекет етіп отырғандарын айтып, сауалнама парағына қойылған қолдардың түпнұсқалығына күмән келтірді.
Екі тараптың ауызша тартысын Нұрлан Ерғалиев бөлді. Ол тұрғындардың ПИК-тен шығуға құқылы екенін растады, алайда, ескерту жасады:
– Бірақ сауалнама парағының бланкі бекітілген үлгіге сай болуы тиіс. Әрбір сауалнама парағына нөмір салынып, ПИК төрағасы қол қоюға тиіс. Мен сіздерге біздің адамды жібере аламын, жазбаша сауалнаманы тағы да жүргізіңіздер. Төраға сауалнама нәтижелерімен танысып, өз қолын қоюға тиіс болады. Осыдан кейін ПИК-тен шыға аласыздар.
Өз кезегінде Серікқалиев тұрғындар бүкіл қарыздарын өтемейінше, үйді кооператив құрамынан шығармайтынын хабарлады. Бұған қатысты Ерғалиев бережақты сот арқылы талап етуге кеңес берді. Ол тұрғындарға, егер олардың кооперативті тастау ниеттері қанағаттандырылмаса, олардың сотқа жүгінуге құқылы екендіктерін айтты.
Тамара СУХОМЛИНОВА