Қамауға алынған белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянның туыстары, жақындары мен достары Жеңіс бағының аумағында бейбіт митинг өткізуге рұқсат берілмеген соң бүгін жалпықалалық сенбілікке шықты.
Жеңіс бағына Макс пен Талғатты қорғаушы бастамашы топ өкілдері сыпырғыштармен және қоқыс салатын пакеттермен сайланып келіпті. Әйелдер бастарына ақ орамал тартып алған. Олар қамауға алынған белсенділердің аналарына өз қолдауларын осылайша білдірген еді. Алайда, таң қаларлығы, қала тұрғындарының сүйікті демалыс орны жабық болды, ал қақпасына: «Сақ болыңыз! Улы химикатпен өңдеу жүргізілуде» деген маңдайша ілінген. Бірақ жылдың бұл маусымында Атырауда маса қалмайтын еді.
Ешкім бұған жабырқаған жоқ. Еріктілер іргелес аумақты тазалауға кірісті. Осы уақыт бойына облыстық әкімдіктің ішкі саясат департаментінің қызметкерлері мен штаттық киімдегі адамдар жақын жерде бой көрсетіп жүрді. Бейнекамераның объективін көздері шалса, жасырынып қалады.
Аз уақыттан соң сенбілікте еңбек етіп жатқандарға ер адам мен әйел жақындап келіп, удың әсерінен уланып қалу мүмкіндігін айтып, бастаған істерін тастап, өз саулықтары туралы ойлауға кеңес берді. Бұл әрекеттері іске аспаған соң, қонақтар жиналған қоқыстың қайда апарылатынын сұрады.
Оларға орынсыз сұрақ қоймауға кеңес беріп, жұмыс жасауларына кедергі келтірмеулерін өтінді.
Сенбілік аяқталуға жақын құқыққорғаушы Әсел Нұрғазиева өзінің және оның құқыққорғаушы әріптестерінің бейбіт жиналыс өткізу әрекеттерін жалғастыра беретіндіктерін айтты. Келесі өтініш 25 қырккүйекте өткізуге берілген.
«Егер біз бүгін қоқысты жинасақ, бақ таза болады да, бізге 25 қыркүйекте осы жерде бейбіт митинг өткізуден бас тартуға ешқандай негіз болмайды. Біздің еліміздің азаматтары бейбіт шеру өткізуге құқылы. Сондықтан біз әрі қарай да бейбіт жиын өткізу құқығымызды жүзеге асыруға тырысатын боламыз».
Кабинетте отырғандар, шамасы, орындарында отырып алып ойланып, бүкіл әрекеттерді жазып отырған шығар: сіздер митинг өткізуге өтініш бердіңіздер – біз сенбілік дедік, сіздер ақ орамал тартып сенбілікке шықтыңыздар - біз дезинфекция дедік... Келесі әрекет қандай болады?
Марат ТАКУЛИН
Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор