14 қыркүйекте облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВ «Арнаулы автобаза» ЖШС-нің жұмысына тексеру жүргізді.
Алдымен өз кабинетінде кеңес өткізген Ноғаев кәсіпорын директоры Мұратбек МАХАНОВТЫҢ, қала әкімі Серік ШАПКЕНОВТІҢ және бірнеше орынбасарлардың ілесуімен «түзді» аралап шығу туралы аяқастынан шешім қабылдады: әуелі «Арнаулы автобаза» ЖШС-іне аяқ басты, содан соң тұрғындары қоқысқа қатысты проблемалар бар екендігіне жиі шағымданатын Жұмыскерді аралады.
Маханов арнаулы техника мен жұмысшылардың жетіспейтіндігіне сілтеді, ал әкім өз дәлелдерін алға тартты:
– Кәсіпорын жылына 500 миллионнан астам табыс табады, оған техниканы өздігімен жаңартуға не кедергі келтіреді? Мен бүкіл парк туралы айтып отырғаным жоқ. Бірақ, мәселен, сіздің бюджетіңізге ауыр тимейтіндей жыл сайын үш-төрт қоқыс шығаратын көлікті ауыстырып тұра аласыздар ғой. Күн сайын бізге біртектес 20 шақты шағым түседі: «ана жерде қоқысты жинамайды, мына жерде қоқыстар үйіліп қалған» деп, қабылдау бөліміне, қауырт желіге қоңырау шалады, тіпті, тікелей хабарласып, қоқыс үйіндісіне қатысты шара алуды сұрайды. Мен мұны жоюды қала әкіміне тапсырамын, ол сізге қоңырау соға бастайды. Бірақ бұлай жұмыс істеуге болмайды ғой. Неліктен адамдар қоңырау шалып, сізден өз міндетіңізді орындауды өтінуі тиіс? Жұмыс уақытында сіздің қоқыс шығаратын көліктер немен айналысады? Сіз оларды қалай бақылайсыз? Көліктеріңізде GPS бар ма?
Махановтың айтуынша, GPS-белгісін жалға алу төлемі жоғары болғандықтан оны алып тастауға тура келген.
Ноғаев Махановқа бірқатар талаптар қойды:
- Бүкіл көліктерге GPS белгілерін орнатып, бүкіл контейнерлерді қаланың онлайн-картасына енгізіңіздер. Қоқыс машиналары бақылауға алынбайды – шамасы басқа іспен айналысатын шығар. Ал GPS кәсіпорын жұмысын бірден ашық етеді – тұрғындар кәсіпорын жұмысын көретін болады, қоқыс шығару қарқындылығы көбейеді, бензин үнемделетін болады.
Махановқа сонымен қатар, қала маңындағы Еркінқала, Жұмыскер, Геолог поселкелеріне көбірек көңіл бөлу тапсырылды. Бұдан басқа, әкімінің айтуынша, Атырау ықшамауданынан көп шағымдар түскен:
- Тұрғындармен Whatsapp, Facebook мессенджерлері мен әлеуметтік желілер арқылы тікелей жұмыс жасаңыздар, - деді Ноғаев.
Қала әкімі Шапкеновке қала аумағын учаскелерге бөліп, олардың әрқайсысы үшін жауапкершілікті орынбасарларына жүктеу ұсынылды.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА