Фото: © AP Photo/Ahn Young-joon«Жарылу қаупі бар» Samsung смартфондары кері қайтарылып жатыр. АҚШ өз аумағында сатылған Samsung Galaxy Note 7 смартфондарын кері қайтарып алады. Бұндай шешімді Американың тұтыну тауарларының қауіпсіздігі бойынша комитеті қабылдады. Себебі ұялы телефонның осы түрінде аккумулятордың жарылу қаупі бар деп хабарлайды Baq.kz тілшісі ТАСС АА сілтеме жасап.
15 қыркүйекке дейін смартфон сатып алған тұтынушылар тауарды дүкенге қайтырып, орнына басқа батареялы ұялы телефон ала алады.
Комиссия деректері бойынша батареяның қызып, жарылуы салдарынан америкада 26 адам күйіп, тағы да 55 тұтынушының мүлігіне зақым келген. Сондай-ақ таяуда Флорида штатында аталған смартфон жарылып, жол талғамайтын көлік жанып кеткен болатын.
Қазақстанда аталған смартфон ресми түрде сатылымға түскен жоқ. Қауіпсіздік пен сапа стандарттарына сай тауар 2016 жылдың күзінде сатылымға шығады деп күтілуде.
Айта кететін жайт, әлемнің көптеген әуе компаниялары Samsung Galaxy Note 7 смартфонын ұшаққа алып кіруге тыйым салған болатын. Қазақстандық «Air Astana» компаниясы да жолаушылардан телефонды ұшақта қолданбауға, қуат көзіне қоспауға, жүк салғышқа салмауға шақырған болатын.
Дереккөз: Baq.kz