Жаңа электронды «Е-айыппұл» жүйесі енгізілгеннен кейін әкімшілік айыппұл төлеу едәуір жеңілдеді. Ал айыппұл салынғандарға ешқайда барудың қажеті жоқ. Электронды-сандық қолтаңбасы (ЭСҚ) болса және Электронды үкімет порталына тіркелсе жеткілікті.
Бұрын екінші деңгейлі банктерде немесе «Қазпошта» АҚ-да әкімшілік айыппұлын төлеген азамат бірыңғай дерекқорға айыппұлды төлегені туралы белгі салдыру үшін осы айыппұлды салған мемлекеттік органға айыппұл төлегендігі туралы түбіртекті ұсынуға мәжбүр болатын.
Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті «Е-айыппұлдар» бірыңғай ақпараттық жүйесін құру және енгізу жұмыстарын жүргізді.
— Жаңа «Е-айыппұлдар» жүйесінде азаматқа енді айыппұл салған мемлекеттік органға әкімшілік айыппұлды төлегендігі туралы түбіртекті ұсынуы міндетті емес, - деп түсіндірді Батыс өңірінің әскери прокуратурасының прокуроры Алғатай НҰРҒАЗЫҰЛЫ. – Бұл қызмет Электронды үкіметтің веб-порталында жұмыс істейді. ЭСҚ бар азамат өз ЖИН-і бойынша әкімшілік айыппұлдың бар-жоғын өздігімен қадағалай алады.
Төленбеген әкімшілік айыппұлдар болған жағдайда пайдаланушы жеке досьесінен «Жеке тұлғалардың өсімдерді, айыппұлдарды, салықтар берешектерін төлеуі» қызметін таңдайды. Төлем екінші деңгейлі банктің төлем кәртішкесі арқылы жүзеге асырылады. Мемлекеттік орган автоматты түрде айыппұлдың төленгені туралы хабарлама алады.
Тамара СУХОМЛИНОВА