Индер тұрғыны С. Избасаровтан «АЖ» поштасына арыз түсті. Ол жергілікті биліктің кесірінен өткен жылдан бері жеке кәсібін жандандыра алмай отырғанын жеткізген болатын.
Негізі Сұңғат Избасаров Индер ауданына қарасты Бөдене селосының байырғы тұрғыны еді. Бірақ ауылда бірнеше жылдан жұмыссыз отырғандықтан аудан орталығына отбасымен нәпақа табу үшін келеді. Күні бүгінде пәтер жалдап тұрып жатыр. Бөденедегі үйін сатып жіберген. Бірақ ол сомаға үй алу мүмкін емес еді.
‑ Бізді үй қамы қатты ойландырып тұрған жоқ, ол мәселені жағдайымызға қарай өзіміз шешеміз. Менің жүйкеме тиіп жүргені жеке кәсіпкерлікпен айналысқым келгендегі қадамымның сәтсіз болғаны. Жұбайым өзінше кәсіппен айналысуда. Біз жекеменшік дәріхана салып, дәрі‑дәрмек сату ойымызда болған. Оған қажетті құжаттарды түгел жинастырдық. Енді өз кәсібімізді жалғастыру мүмкін болмай тұр, себебі жергілікті биліктен кедергі көріп отырмыз,‑дейді Сұңғат ИЗБАСАРОВ арыз хатында.
Біз мән‑жаймен танысу үшін арыз иесіне жолыққанбыз. Жеке кәсіпкердің құжаттамасында көрсетілгендей, Индербор поселкесі округі әкімінің 2010 жылдың 14 қыркүйегіндегі шешімі бойынша дәріхана құрылысын жүргізу үшін жер телімі берілген. Аудан әкімі орынбасары, комиссия төрағасы А. Сәрсенғалиевтің қатысуымен өткен комиссияның қорытындысына сай жеке кәсіпкерге 2003 жылғы 20 маусымдағы №442 Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 43, 44-баптарына сай поселкенің Оңдасынов тұйық көшесінен 0,0049 гектар жер телімін беру жөнінде толық келісім берілген. Осындай құжаттар қолына тиген соң кәсіпкер дәріхана құрылысын салу қамына кіріседі. Кірпіші қаланып, төбесі жабылып, есік, терезесі салынып, қабырғалары цементтелген соң дәріхана дауы басталады. Тіпті аудан әкімі бұл дәріхана поселке көркіне нұқсан келтіріп тұр деген болатын. Дәріхана құрылысы аудандық аурухананың алдыңғы жағына салынған. Дәл қасында аялдама (аялдамада дүкен бар. Л. Қ.) орналасқан. Аурухана тасада қалатындай емес, тіпті сырқаттар үшін алыстан сабылмай дүкен мен дәріханадан керегін алатындай ыңғайлы‑ақ.
‑Бірақ менен дәріхананы бұзуды талап етіп жатыр. Ешкімге масыл болмай, өз кәсібін алға бастырамын дегенге неге қарсы тұрады. Тіпті жер актымды бермей оны аудандық прокуратураның араласымен алдым. Биліктің қарапайым адамға осындай жөн‑жосықсыз тиісуі қалай. Ал комиссия жер телімін бергенде қайда қарап отыр,‑дейді Избасаров.
Бүгінде жеке кәсіпкер әре‑сәре күйде қалған. Дәріхана құрылысы биліктің кесірінен тоқтап қалды. Ауылдағы үйін сатып жіберген болатын. Әйелінің азғантай табысы пәтер жалдауға, балаларын оқытуға жетпейді. Қызы ақылы негізде оқып жатқаны қосымша соққы болып тұр. Егер дәріхана жұмысын алға бастырғанда қараптан‑қарап отырып қарызға кірмес еді ғой.
Дәріхана дауына жауап беруге аудан әкімі Жанкелді Рахметқалиевтің қолы тимеді. Жауапты оның орынбасары берді.
‑Жеке адамның арызын Сіздер шешпейсіздер ғой. Ол мәселе жақын арада қалыпқа келеді,‑дейді аудан әкімі орынбасары Асылбек САРСЕНҒАЛИЕВ жайбарақат түрмен.
‑Қандай бағытта қалыпқа келмекші, сонда?
‑Негізі аурухана алдынан дәріхана салуға болмайды.
‑Комиссия төрағасы өзіңіз едіңіз ғой.
‑Мамандар қайда қарап отырғанын білмедім. Кімнен кеткен қателік екенін...
Бұдан әрі әкім орынбасары жауап беруден жалтарды.
‑ Әкімшіліктен осы дәріхана жұмысына байланысты арыз келіп түскені рас. Дәріхананың ол жерде орналасуына билік қарсылық білдіріп отыр. Әзірге тексеру жұмысы басталып кетті. Ол жөнінен қосымша хабарлайтын боламыз,‑дейді Индер ауданы прокуроры Асқар ӨТЕБАХОВ.
Дегенмен басқа жер телімін ұсынса онда дәріхананы бұзып алып салудан жеке кәсіпкер қашып отырған жоқ. Әңгіме, билік басындағылардың қарапайым адамды басынуында жатыр деп санаған С.Избасаров дәріхана жайын тыныш қалдырмаймын, сотқа беремін деп отыр.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА