Фото: vesti.ruАҚШ жұртының назары Хиллари Клинтонға ауып отыр. Оған жуырда ғаламторда жарық көрген бейнежазба себеп. Таспаға аяқ астынан денсаулығы нашарлаған президенттікке үміткер саясаткерді көмекшілерінің демеп алып бара жатқаны түсіп қалған. Осыдан кейін ел арасында Клинтон ханымның халі сайлауалды науқанға қалай әсер етеді деген әңгіме пайда болды. Хиллари Клинтонның денсаулығы 11 қыркүйек күні лаңкестік құрбандарын еске алу рәсімі кезінде сыр берді. Ол кезде саясаткердің халі тым нашарлап, көпшілік арасынан кетуге мәжбүр болды,- деп хабарлайды 24.kz.
Осы оқиғадан кейін америкалықтардың көкейінде Хиллари ханым сайлауалды науқанға қатыса ала ма деген сұрақ пайда болғаны анық. Бастапқыда оған күн өтті деген ақпар тараған. Алайда артынша саясаткердің жеке дәрігері Хиллари Клинтонның өкпе қабыну дертіне шалдыққанын мәлімдеді. Саясаткер осының салдарынан Калифорнияға жоспарлаған сапарынан да бас тартты.
Ал Хиллари ханымның қарсыласы республикашылдар партиясының өкілі Дональд Трамп осы жағдайдан кейін өзінің денсаулығы жайлы егжей-тегжей мәлімет жария етуге дайын екенін жеткізді.
Дональд Трамп, АҚШ президенттігіне үміткер:
- Мен Хиллари Клинтонның тез арада сауығып кетуіне тілектеспін. Ол сайлауалды науқанға қатыса алады деген үміттемін. Біз әлі жалпыұлттық пікірталаста кездесеміз деп ойлаймын. Хиллари Клинтонның өзі жағдайының жақсы екенін айтып, сайлауалды науқанын жалғастыруға сақадай сай екенін мәлімдеді. CNN телеарнасына берген сұхбатында ол осы аптаның соңына дейін медициналық картасындағы мәліметті жария етіп, денсаулығына қатысты қауесеттің таралуына шек қоятынын жеткізді.
Алаңдауға еш негіз жоқ деген саясаткердің күйеуі Билл Клинтонның пікірі де осыған саяды.
Билл Клинтон, АҚШ-тың бұрынғы президенті:
- Менің әйелім бұған дейін де осылай ауырған. Оның жағдайы сусыздану кесірінен нашарлап кетті. Сіздер Хиллари Клинтонның мемлекеттік хатшы лауазымында отырғанда, оның алдында сенатор болғанында аянбай жұмыс істегенін жақсы білесіздер ғой. Қазір әйелімнің жағдайы жақсы. Әрине, Хиллари Клинтонды ешкім де күштеп сайлауалды науқанынан алып тастай алмайды. Ондай шешімді тек саясаткердің өзі қабылдауы керек. Егер ол саяси додадан бас тартса, демократтар шұғыл жиналыс өткізіп, дауыс беру арқылы өзге үміткерді сайлаулары қажет. Партия хартиясында оған кімнің лайық екені туралы жазылмаған. Дегенмен ол АҚШ-тың қазіргі вице-президенті Джо Байден немесе праймеризде қажетті дауыс жинай алмаған Берни Сандерс болуы мүмкін деген болжам бар.
Дереккөз: 24.kz