13 қыркүйекте түске дейін жергілікті тауар өндірушілердің өнімдері тиелген көліктер легі Атыраудан Астанаға жөнелтілді.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Атырау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сырым РЫСҚАЛИЕВ (суретте) әңгімеледі. Атырау облысының күндері аясында республикамызда 17 және 18 қыркүйекте ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді. Онда Атырау қаласы мен өңіріміздің аудандарынан 36 өндірушінің тауарлары ұсынылатын болады. С.Рысқалиевтың айтуынша, мұндай жәрмеңкелер астанада бес жылдан бері өткізіліп келеді. Алайда егер бұрын Атырау Астанаға тек балық өнімдерін жіберетін болса, енді астаналықтар алдында ауыл шаруашылығы өнімдерімізбен: көкөністермен, сүтпен, етпен, жұмыртқамен, шұжықпен, қалбырлармен және салаттармен мақтана аламыз.
Өнімдердің бағасы тұтынушылар үшін қолжетімді. Бұл екі қала әкімдіктері арасында жасалған меморандумда жазылған.
– Соңғы бірнеше жыл ішінде облыста ауыл шаруашылығы өндірісінің едәуір артқаны байқалады. Өткен жылы біз 21 мың тонна картоп жинап алдық, яғни, өңіріміздің ішкі сұраныстарын 40 пайызға қамтамасыз еттік. Биыл 26 мың тонна картоп жинауды жоспарлап отырмыз. Көкөністер өнімі 71 мың тоннадан 76 мың тоннаға дейін, бақша дақылдары 26 мың тоннаға дейін көбейетін болады, - дейді басқарма басшысы. Әрине, бұл жерде неліктен облысымыздағы ауыл шаруашылығы тауарлары басқа өңірлерге қарағанда үнемі қымбат болады деген сұрақ туындайды.
– Дизель отынының, тыңайтқыштардың бағасы өсуде, өндірушілердің шығындарын есептеп, олар өз тауарларына оңтайлы бағаларды қояды, - деп түсіндірді С.Рысқалиев.
Зульфия ИСКАЛИЕВА