Атырау, 30 сәуір 19:48
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +13
$ 441.44
€ 473.09
₽ 4.75

​Заңды ЖШС-нің атын жамылған

2 420 просмотра

Image 0
Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің көлеңкелі экономикаға қарсы іс
-қимыл басқармасы мұнай саудасы бойынша салық төлеуден жалтару жөніндегі қылмыстық істерді сотта қараудың аяқталғаны туралы баспасөз хабарламасын таратты.

Азамат Л. ҚР ҚК-нің 177-ші бабында (алаяқтық), 183-1-бабында (мұнайдың шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз оларды тасымалдау, иемдену, өткiзу, сақтау), 193-бабында (қылмыстық жолмен алынған ақшаны немесе мүлікті заңдастыру), 192-бабында (жалған кәсіпкерлік), 222-бабында (салық төлеуден жалтару) қарастырылған бірқатар қылмыстық заң бұзушылықтарды жасау фактісі бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

«Азамат Л. қылмыстық жолмен табылған мұнай және мұнай өнімдеріне қатысты жасалған келісімдерді заңды етіп көрсету мақсатында алдын ала жасалған қылмыстық жоспарға сай әрекет ете отырып, өз таныстарының төңірегіндегі аз қамтылған тұлғаларды таныстары мен туыстарының атына мұнай және мұнай өнімдерімен жасалған келісімдерді заңдастыру үшін коммерциялық ұйымдарды тіркеуге көндірген, - делінген баспасөз хабарламасында.

Өзінің қылмыстық ниетін жүзеге асыру процесінде азамат Л. жер қойнауын пайдаланушы болып табылатын және кәсіпорны Ақтөбе облысындағы кеніштердің бірін игеретін «К-К» ЖШС-нің құрылтайшысымен танысып, қылмыстық келісім жасаған. Келісім бойынша олар Ақтөбе облысының «К.» кенішінен әрі қарай алып сату мақсатында шикі мұнайды заңсыз өндіруді ұйымдастырған. Осылайша, «К-К» ЖШС-нің заңды кәсіпкерлік қызметі түрінде заңсыз табылған мұнайды азамат Л-ның кәсіпорындары («К-А-С», «Р-М-С» ЖШС-лері) арқылы заңдастыру топшыланған.

Осы орайда азамат Л. азамат К-мен ортақ ниетте жер қойнауын пайдалану келісімшарттары аясындағы заңсыз әрекеттерді мұнайды заңды өндірілді деп боямалап, төңіректегілерді алдау арқылы ұрлық жасаған. Бұдан басқа, мемлекеттің жер қойнауын заңсыз ұрлау фактісін ҚР Мұнай және газ министрлігінен, салық және басқа мемлекеттік органдардан жасырған.

Азамат К-нің нұсқауы бойынша мемлекеттің жер қойнауынан ұрланған мұнай басшысы азамат Л. болып табылатын «К-А-С» ЖШС және «Р-М-С» ЖШС мекен-жайларына тиелген. Әрі қарай ол ұрланған мұнайды кеніштен әкетіп, басқа мекемелерге өткізуді қамтамасыз еткен. Бұл ретте азамат Л. өзінің қарамағындағы және ұрланған мұнайды әкету, сақтау, тасымалдау және өткізу процесін қамтамасыз еткен тұлғалардан өзінің қылмыстық ниетін жасырған.

Осы әрекеттер арқылы азамат Л. жалпы 18 116 тонна шикі мұнайды заңсыз иемденіп, өткізген. Мемлекетке тигізілген жалпы зиян 18 млрд теңгені құрады».

2016 жылдың 26 шілдесінде №2 Атырау қалалық сотының үкімімен азамат Л. жалпы режимдегі колонияда 3 жылға бас бостандығынан айырылу жазасын алды.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

11 қыркүйек 2016, 23:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.