Нұрсая ықшамауданында ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын заманауи техникалық гимназияның жаңа ғимаратының құрылысы бірнеше рет тоқтатылған болатын. Құрылыс қазір де тоқтап тұр.
Бірінші рет 2013 жылдың наурызында тоқтаған болатын. Бұл туралы сол кезде облыстың құрылыс басқармасының басшысы болып тұрған Елтай ҒАЛЫМЖАНОВ былай деп хабарлаған болатын: «...жерасты қабатында қиындықтар туындағандықтан қосымша геологиялық зерттеулер мен іргетас бөлігі бойынша жобалау құжаттамасына түзету жүргізілгенге дейін тоқтатылды». Одан бөлек, Е.Ғалымжанов «АЖ»-ның ресми сауалына берген жауабында құрылыстың қымбатқа түсіп отырғанын айтып еді, оның құны 1 млрд 880 млн теңгеге шыққан болатын.
«Бұл қаражат бір емес, екі мектепке жетер еді. Құлсары қаласындағы биыл қаңтарда пайдалануға берілген 624 орынға арналған №8 типтік мектептің құрылысы облыстық бюджетке 926 млн теңгеге шыққан болатын».
Биыл мектеп құрылысы қарқынды жүріп жатқан еді. Гимназия оқушыларының ата-аналарына да мамырда жаңа оқу жылының үшінші тоқсанынан бастап балалар жаңа ғимараттың кең сынып бөлемелерінде оқиды деп хабарланған болатын. Алайда, жаз келісімен құрылыс қайта тұрып қалды.
Таяуда өткен брифингте облыстың құрылыс басқармасының қазіргі басшысы Тілек МАХУОВ журналистерге былай деп хабарлады: «Нұрсая ықшамауданындағы гимназия ғимаратының құрылыс жобасы 2011 жылы жасақталып, сараптамадан өткен болатын. Құрылыс 2012 жылы басталды. Жобаның күрделілігіне және өткен жылғы теңгенің құнсыздануына байланысты ол тоқтап қалды. Жобалық құжаттамалардың қолданылу мерзімі екі жыл бұрын өтіп кеткен. Біз оларды түзетуге жібердік. Осыдан кейін құрылыс жанданбақ. Бүгінде ғимарат 70 пайыз бітіп тұр».
Айта кету керек, бастапқы жоспар бойынша гимназия құрылысын аяқтау мерзімі 2014 жылдың қарашасы деп белгіленген болатын.
Құрылысқа қаржыны «Теңізшевройл» төлеп отыр. Бас мердігері әлі күнге дейін «Капитал» ЖШС болып табылады.
Бүгін «АЖ»-ның кезекті ресми сауалына гимназияның құрылысы туралы жауабында Т.Махуов былай деп жазыпты: «Жобаны түзету аяқталды, мердігерді ауыстыру бойынша тендерлік процедуралар жүргізілуде».
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ