«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ бойынша ( КМГ БӨ немесе Компания) дәстүрлі шара - «Үздік маман» кәсіби шеберлік сайысы 9-рет ұйымдастырылды. Үздіктерді іріктеу шарасы 2016 жылдың 25 мамыры мен 19 тамызы аралығында өтті. Оған компанияның еншілес және бірлескен кәсіпорындарының ұжымдары қатысты: «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Ембімұнайгаз» АҚ, «ҚазГерМұнай» БК» ЖШС, «Қаражанбасмұнай» АҚ, «ТұлпарМұнайСервис» ЖШС, «Кең-Құрылыс-Сервис» ЖШС, «Жөндеу» ЖШС, «КРУЗ» ЖШС, «Argymak TransService» ЖШС.
Сайыстың 89 жеңімпазына «Үздік маман-2016» медалі табыс етіліп, олардың айлық жалақысына жыл бойына үстемақы қосылды.
Марапаттау шарасы КМГ БӨ Орталық аппаратында ұйымдастырылып, оған КМГ БӨ АҚ бас директоры Есқазиев Құрманғазы Орынғазыұлы және компанияның жауапты мамандары қатысты.
- Бұл сайысқа компания мамандары жыл бойы дайындалады. Өздерінің білім деңгейлерін көтеріп, сол арқылы еңбек өнімділігін арттыруды көздеген мамандар сайысқа бар күш-жігерлерін арнайды. «Үздік маман» сайысы әрбір маманның кәсіби шеберлігін шыңдауға мол мүмкіндік береді. Сайыс - мұнайшы мамандығының мәртебесін көтеретін шара,- деп атап өтті өз сөзінде бас директор Қ.Есқазиев.
Сайыс екі кезеңнен: теориялық және практикалық бөлімдерден тұрды. Сайыскерлердің білімін бағаларда комиссия мүшелері алдымен еңбекті қорғау және техникалық қауіпсіздік ережелеріне баса мән берді. Сонымен қатар, берілген тапсырманың уақытылы әрі сапалы орындалуы, сайыскерлердің практика мен теорияны шебер ұштастыра білулері де жіті назарда ұсталынды.
Сайыстың жеңімпаздары «ҚазМұнайГаз» ҰК»АҚ деңгейінде алғаш рет өткелі отырған алдағы додада өз ұжымының намысын қорғайтын болады. КМГ БӨ АҚ басшысы жеңімпаздарға сол сайыста табыс тіледі.
Сайыс жеңімпаздары үшін мәдени бағдарламалар ұйымдастырылып, олар Астана қаласының көрнекті жерлерін аралап, «Астана-Бәйтерек» монументінде болды.