Кәсіби мереке қарсаңында Атырау мұнайшылары бірден бірнеше мерейтойды атап өтті. «Ембімұнайгаз» компаниясы (әрі қарай ЕМГ немесе компания) атақты қазақстандық геолог-мұнайшы Жолдасқали Ахметұлы Досмұхамбетовтың туғанына 100 жыл толуы мен Теңіз кен орнынан алғашқы мұнайдың алынуына 25 жыл толуына орай бірнеше шара өткізді.
Мерекелік шараның тұсау кесері «Ембімұнайгаз» АҚ-на қарасты «Жылыоймұнайгаз» МГӨ басқармасындағы майталман геолог-тың есімін иеленген кеніштегі ескерткіш тақтаның ашылуымен басталды. 27 -тамызда Ж.А.Досмұхамбетовтың туғанына 100 жыл толу құрметіне арнайы дайындалған ескерткіш тақта орнатылып, оған «Ембімұнайгаз» АҚ ұжымы мен ардагерлер-мұнайшылар, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты. Мерекелік бағдарлама Атырау облысының дарынды балаларына арналған Ж. Досмұхамбетов атындағы лицейдегі салтанатты шарамен жалғасты. Айтулы датаға орай Компания басшылығы ірге тасы 1948 жылы қаланған лицейге күрделі жөндеу жұмысын жүргізуді ұйғарып, қысқа мерзім ішінде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді. Лицей директоры Фариза Шангерееваның сөзіне келсек, атақты мұнайшының есімі берілген лицей бастапқыда облыстық ЖОО бірінің жатақханасының ғимаратында болған, кейін 1993 жылы қазіргі ғимаратқа ауыстырылған. Ғимарат 2 блоктан тұрады, оның бірі өткен 1948 жылы тұрғызылған екен.
Лицейде бюджеттік қаржыға ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жыл сайын құбырлар ауыстырылатын. Дегенмен, ғимарат 68 жылдың ішінде айтарлықтай ескіріп, күрделі жөндеу жұмыстарын жасауды талап етіп тұрған еді. Соған орай, лицей басшылығы мен ата-аналар комитеті «Ембімұнайгаз» АҚ басшылығына өтініш хат жолдап, онда ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге көмек сұраған. Нәтижесінде, компания лицей ұжымына қолдау көрсетіп, оқу орнының ғимаратын жөндеуге компания бюджетінен шамамен 64 млн теңге бөлді.
- Санаулы айлардың ішінде «Ембімұнайгаз» АҚ компаниясы ауқымды жөндеу жұмыстарын жүзеге асырды: шатыр күмбезінің әйнектері ауыстырылды, лицей ғимаратының сырты ішінәра мәрмәрмен қапталды, ішкі бөлмелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, электр жүйесі толықтай жаңартылды, ғимарат аймағы көркейтілді. Бұдан өзге, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ физика, химия және ақпараттық жүйелер кабинеттерін техникалық жабдықтармен және мектеп жиһаздарымен толықтай қамтамасыз етті. Химия мен физика кабинеттері виртуалды зертханалармен жабдықталған. Олар біздің оқушыларға оқу материалдарын оңай әрі дұрыс қабылдауға, түрлі алыс қашықтық пәндік олимпиадаларға қатысуға үлкен мүмкіндіктер береді, - дейді лицей директоры.
Салтанатты шараға қатысқан лицей қонақтары алдымен Жолдасқали Досмұхамбетовке арналған экспозициямен танысты. Ж.Досмұхамбетов атындағы лицейдің шәкірттері оқу орнының дәрежесін жоғары деңгейде ұстауда, олар мектеп пәндері мен ғылыми қызметте тек қана биіктерден көрінуге тырысады. Лицей құрылған жылдан бастап, 70 түлек «Алтын Белгі» иегері атанған, 58 – ерекше аттестат иегері. Лицей ҰБТ қорытындысы бойынша «Қазақстанның жүз үздік мектебі» қатарына кірген.
- Әлемнің тарихы мол мұнай өндіруші компанияларының бірі «Ембімұнайгаз» АҚ-ның тарихы Ж.А.Досмұхамбетовтың қызметімен тығыз байланысты. Қазіргі таңда компания өткен жүзжылдықтың 50-70 жылдарында Ж.Досмұхамбетовтың тікелей, белсенді атсалысуының арқасында ашылған ондаған кен орындарында мұнай өндіруде. Бұл – Байшонас, С.Балғымбаев, С.Нұржанов, Батыс Прорва, Оңтүстік-батыс Қамысты, Жаңаталап, Ровное, Ақтөбе, Досмұхамбетов, Батыс Терең-Өзек кен орындары. Бұл кен орындарында өндірілетін мұнайдың жылдық көлемі «Ембімұнайгаз» АҚ мұнай өндіру көлемінің шамамен 50 пайызын құрайды. Осы кен орындарын өңдеу жұмыстары бастау алғалы 100 млн.тоннадан астам мұнай алынған, - деді «Ембімұнайгаз» АҚ бас директорының жаңа жобалар мен технологиялар жөніндегі орынбасары Әнуар Жақсыбеков.
Күннің екінші жартысында геологтар, мұнайшылар, мұнай саласының ардагерлері мен ҚР өңірлерінің өкілдері «Ембімұнайгаз» АҚ мен «ТШО» ЖШС-мен бірлесіп ұйымдастырған ғылыми-тәжірибелік конференциясына қатысты. Конференция Жолдасқали Досмұхамбетовтың мерейтойы мен Теңіз мұнайгаз кешенінің пайдалануға берілуіне 25 жыл толуын атап өтуге орайластырылған.
- 60 жылдардың басында геолог-барлаушылар мен мұнайшылардың бірлескен күшімен, Ж.А.Досмұхамбетовтың жетекшілік етуімен Оңтүстік Маңғышлақта мұнайлы-газды кешен ашылып, Өзен мен Жетібай кен орындарының мұнай қоры барланып, дәлелденген болатын. Осы бірегей кен орындарын ашқандары үшін, 1966 жылы Досмұхамбетов пен геолог-мұнайшылардың үлкен тобына КСРО Лениндік сыйлықақысы берілген. Еліміздің мұнай өндіру саласындағы ең маңызы зор, бағалы ашылым – қазақстандық мұнайшы-геологтардың алып мұнайгаз кен орны «Теңізді» ашулары болды. Кен орнының масштабы болжанған шамадан да асып түсті. Ж.А.Досмұхамбетов кен орнына дұрыс атау бере білді «Теңіз» - шынымен де, жер асты мұнай теңізі ашылды. 1985 жылы КОКП ОК мен КСРО Министрлер Кеңесі қаулысымен, Теңіз мұнайгаз кешені құрылады. Қазақстанның ірі мұнай кешені шөлейт жерлерде, байланыс және инфрақұрылым нысандары жоқ, халық аз қоныстанған аймақта ұйымдастырылды. 5 жыл ішінде жоба бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып, жаңа кенішті игеруге он мыңдаған адамдар қатысты – мұнайшылар, бұрғылаушылар, құрылысшылар, көлік жүргізушілері және өзге де мамандық иелерінің сол кездегі табысты еңбектеріне үлкен алғыс айтамыз.
1991 жылдың 6 сәуірінде нөмірі 8 ұңғыманың ашылуымен, Теңіз кен орнын игеру тарихының жаңа беттері ашылды. Осындай дүбірлі, жасам-паз еңбекке атсалысып, қолдан келген көмекті аямаған жандарға алғысымызды білдіріп, рақмет айтамыз, - деп «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ Бас директоры, «Ембімұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Құрманғазы ЕСҚАЗИЕВ өз сөзінде қазақстандық мамандардың еңбектерін аса жоғары бағалады.