Қоянның қысы бірқалыпты. Қар жаумай, қарасуықтың белең алуы шаруа баққан адамдарды қатты састыруда. Өйткені малға бұл қолайлы емес. Тек көңіл жұбатарлығы, малдың әлі күнге далаға жайылуы. Десек те қасекеңдер соңғы кезде құтырып тұр.
«АЖ» поштасына Индер ауданы Елтай селосына қарасты Бағырлай қырынан Мұратбек Төлегенов хабарласып, таң атпай қасқырмен алысқанын жеткізді. Шаруагер таңертең сағат сегізге жақындағанда үйден шығып, қораға беттейді. Қора маңынан қараң‑құраң еткен бірдеңені байқайды. Ит дейін десе олар қыңсылап айналасынан шықпайды. Ақыры мұның тегін емес екенін білген ол үй жанындағы ұзынша темірді ала кетіп, сол жаққа беттейді. Жете бере әлгі қараңдаған пәле өзіне қарсы шабады. Сол жерде бұлар ұзақ алысады. Мұның қасқыр екенін білген Мұратбек жауын қалайда өлтіруді ойлайды. Қара күшіне сенген түз тағысы көзі отша шашып, адамды адам ғұрлы көретін емес. Не де болса да жауының осал емес екенін білген Мұратбек қарсы ұмтылған қасқырды темірмен пергілеп әлек. Бір соққысы оның шүйдесіне тиіп, қасқыр сылқ ете түседі. Өлгеніне көзі жеткен ол «уф» деп бір демалады. Қара терге түскен. Таң ағармай жатып, қасқырмен алысқан ол қасқырды сүйрелетіп үйге әкелгенде анасы мен жұбайының көзі атыздай болды.
‑Құдай сақтап өзім шықтым, анам, жұбайым далаға шыққанда не болады. Олар күші басым қасқырды ұрып алады ма, әй қайдам. Қасқыр деген құтырып тұр. Енді мал емес, адамға шабуылдауға шықты. Соңғы кезде қасқыр алаушы әуесқой аңшылар көрінбей кетті. Малшының бәрінде мылтық жоқ. Сонда қайтпекші. Қалай еткенде таң атпай қасқырмен алысқан өзім шошып қалдым, әлсіз жандарды қасқыр жеп қояды ғой. Аңшылар қоғамы дегенді «тірілтетін» кез келді,‑дейді Мұратбек ТӨЛЕГЕНОВ.
Ал «АЖ» жүргізушісі Смадияр елтайлық Қарақойшы Жалиевтің дәл үйінің алдында өлген қасқырды көргенін айтты. Шаруагер қарт даладағы сиырларды иектеп жүрген қасқырды байқап, машинамен басып өлтіріпті. Бір сөзбен айтқанда қоянның қысында қасқыр деген құтырып тұр.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА